ОҚУШЫЛАР "БІР СЫНЫП - БІР КАБИНЕТ" ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША БІЛІМ АЛАДЫ

Уақыты: 27.08.2021
Оқылды: 1529
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жетісу Медиа» ақпараттық алаңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменованың қатысуымен «Алматы облысы: эпидемиологиялық жағдай және жаңа оқу жылы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов облыста эпидемиологиялық жағдайдың күрделі екенін, ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап коронавируспен ауырғандар қатарының екі есеге өсіп отырғанын атап өтті.

- Көріп отырғандай, шілде, тамыз айларында аурудың қарқыны өсуде. Ауруханаларда коронавирус инфекциясымен ем алып жатқандардың саны көбеюде. Мәселен, мамыр, маусым айларында 100-150 адам ауруханаға түссе, тамыз айында күнделікті 350-400-ге жуық адам түсуде. Бұл дегеніміз инфекцияны жұқтыру деңгейінің артқанын көрсетеді. «Жедел жәрдем» шақыртулары бір мыңнан екі мыңға дейін көбейіп, рекордтық жағдайға жетіп отыр. Бұл облыс  тұрғындарының шектеу шараларын сақтамауының нәтижесі. Ауруханаларда стационарлық емдеуде 3268 адам (53%), реанимацияда 103 адам ем алып жатыр. Медициналық мекемелер жанынан құрылған 391 мобильді бригада 6051 науқасқа амбулаториялық көмекті үйде көрсетуде. Тұрғындарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға, аурудың алғашқы белгілері болса, мобильді бригадалардың қызметтерін пайдалануға шақырамыз. Инфекцияның таралуын азайтудың нақты жолы ол, біріншіден, вакцина қабылдау, – деген облыс әкімінің орынбасары жаңа оқу жылының дәстүрлі түрде жүргізілетіне тоқталып, облыста бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып өтті.

Аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан білім алушыларға жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп формасын сатып алуға 414 850 мың теңге қаржы бөлінді. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов баяндап, аймақтағы жағдайдың тұрақты емес екенін жеткізді. Облыс "қызыл аймақта" орналасқан.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап КВИ-дің зертханалық расталған 41 612 жағдайы тіркелген, оның ішінде 29 112-сі симптомды. 100 мың тұрғынға шаққанда КВИ-мен сырқаттанушылық көрсеткіші 1946,8-ді құраған. Облыстық сырқаттанушылық көрсеткішінің артуы Текелі, Талдықорған қалаларында, Көксу, Қаратал, Панфилов, Ұйғыр, Ескелді, Талғар аудандарында байқалады. Сонымен қатар, облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы екі апталық салыстыру кезінде 1,1%-дан 1,0%-ға дейін төмендеді. Соңғы аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Балқаш, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан, Кеген аудандарында және Текелі қаласында байқалады.

Соңғы тәулікте КВИ-дің 390 жағдайы тіркелді, өсу қарқыны – 0,9%, оның ішінде 322 жағдай симптомдық және 68 жағдай симптомсыз. КВИ анықталған 390 жағдайдың 55-і 14 жасқа дейінгі балалар, оқушылар арасында 34, студенттер арасында 7 және мұғалімдер арасында 4 жағдай тіркелген.

Негізінен, КВИ вакцина алмаған адамдар арасында тіркеліп отыр. Жалпы, облыста тиісті тұрғындардың 60%-ы екпенің бірінші компонентін және 48%-ы екінші компонентін алған.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова жаңа оқужылына дайындық барысына тоқталды. Жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алатын болғандықтан облыстың барлық оқу мекемелерінің 100 пайыз «Ашық» жобасына тіркелгенін, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек-желтоқсан айларында мектептерді дезинфекциялық құралдармен қамту үшін 435 млн.теңге бөлінгенін жеткізді. Оқушылар «Бір сынып – бір кабинет» жүйесі бойынша білім алып, дәлізде, асханада кезекпен жүруі үшін әр сыныптың үзіліс уақыттары бөлек-бөлек белгіленгенін айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров облыста коронавируспен ауырған 40 мыңнан аса адам тіркелгенін, 3 мыңнан аса науқастың стационарлық ем алып, 100 шақты адамның реанимациялық бөлімде жатқанын жеткізді. Індеттің қазіргі таңда өршіп тұрғанын айтып, халықты қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтап, вакцина алуға шақырды.

Баспасөз мәслихаты барысында баяндамашылар журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің күрмеуін бірлесе тарқатуға тырысты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды