ТАЛҒАРДА КОРОНАВИРУСТАН АЙЫҚТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 04.09.2021
Оқылды: 1013
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адамзатты алаңдатқан коронавирус инфекциясымен күрес әлі де бәсеңсіген емес. Сол себепті, індетке шалдыққан науқастарды аман алып қалу және медицина сапасын жақсарту мәселесі күн тәртібінен түспеуде. Осыған орай  халық саны артқан Талғар қаласындағы «Автобаза» ықшамауданынан коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Оған өз ісінің білгірі, танымал дәрігер  Тимур АҚМҰРЗАҰЛЫ басшылық етеді.

Аты жаман індетті емдеуге арналған бұл орталықтың ашылуына мұрындық болған Талғар орталық аудандық ауруханасын сенімгерлік басқаруға алған «A-Class Medical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екендігін ерекше атау абзал. Бүгінгі күнде коронавирустық инфекциясын жұқтыру деңгейі әлі де төмендемей тұрғаны анық. Осыған байланысты жаңа ашылған орталық аудандағы медициналық ахуалды жақсартумен қатар, диагностикалық базаны күшейтуге, коронавирустық пневмания ауруының асқынуына жол бермеуге септігі тиеді деген сенімде.

Үш қабатты ғимаратта 120 төсек орналастырылған. Оның әрбіріне оттегі консентраты бекітілген. Мұнда еңбек ететін медицина қызметкерлері мен науқастарға барлық жағдай жасалған. Үш уақыт ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

– Ашыла салған алғашқы күннен-ақ коронавирус инфекциясымен 21 науқас келіп түсті. Олардың қос өкпелері қабынып, 30-50 пайызы зақымданған. Екеуінің халі ауыр болғандықтан қарқынды терапия палатасына жатқызылды. Аурулардың барлығына клиникалық протокол бойынша ем-шаралар жасалуда, – дейді терапевт-дәрігер Айзат Чайниет.

Елдің есін алған індетпен күресте уақытпен санаспай, бел ортасында жүрген жас дәрігер Айзат Советханқызының өз ісіне адалдық танытуы талай қиындықтың бетін қайтарып, көптің алғысына бөлеуде. Жаңа ашылған орталыққа жиналған құрамның көшбасын бастап тұрған да осы Айзат Советханқызы десек, еш артық айтқандық емес. С.Асфендияров атындағы медициналық университетін тамамдаған соң алғашқы еңбек жолын Панфилов ауылдық ауруханасынан бастаған жас маман індет дендеген шаққа тап келіп, содан бері тапжылмай еңбек етуде. Енді, міне, өзімен қатар 4 емдеуші,  3 реаниматолог, 6 кезекші дәрігер жұдырықтай жұмыла отырып, жаңа орталықта халыққа қызмет ететін болады.

– Індетке шалдыққан науқастардың көбі өздігінен ем қабылдап, ұзақ жатып қалғандықтан ауруларын асқындырып келеді. Оған қоса, вакцина алмаудың да өзіндік салдары жоқ емес. Коронавирустық инфекцияның таралмауын тоқтатып, қалыпты өмірге көшу үшін уақтылы вакцина алу қажеттігін тағы бір ескерткіміз келеді. Екпе алғандардың аурумен күресте анағұрлым жеңіл өтетіндігі анық, – дейді орталықтағы реаниматолог-дәрігер Ерлан Төлеуов.

Білікті дәрігердің бұлай деуіне негіз жоқ емес. Жаңа ауруханаға түскен 21 емделушінің 9-ы ғана вакцина алған екен.

– Елдің үрейін алған індетке шалдықпай тұрып, оның «бар-жоғына» күмәнмен қарағандар көп болды. «Басқа түссе баспақшыл» деп қайдан жұқтырып алғанымды білмеймін, сырқаттанып қалдым. Ақ желеңді абзал жандардың арқасында бетіміз бері қарап келеді. Дүниеде тыныстың тарылғанынан қиын нәрсе жоқ екен. Әр адамды өзінің де, өзгенің де өміріне еренсіз болмауға шақырамын, – дейді емделуші зейнеткер Константин Муратиди.

Мемлекеттің басты байлығы – адамның дені сау, жасының ұзақ болуы маңызды. Осы мақсатта медицина саласы да жаңашылдыққа ұмтылып, сапаны жақсартуға баса көңіл бөлінуде. Дәрігерлердің ыңғайлы, жарық та кең, заманауи құрылғылармен жабдықталған ғимараттарда алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Бұл орайда, «A-Class Medical» ЖШС-нің атқарып жатқан жұмысы қыруар.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы

Алматы облысы