ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ 100 ПАЙЫЗ ЕГІЛДІ

Уақыты: 04.09.2021
Оқылды: 987
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ескелді ауданында тағы бір ауылдың тұрғындары 100 пайыз екпе алды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Қоңыр ауылдық округінің тұрғындары толықтай коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Бұл жерде 1050 адам тұрады. 80-ге жуық тұрғын денсаулық жағдайына байланысты екпе салдырудан босатылған. Тағы 400-і кәмелет жасына толмаған балалар. Ал қалған 570 ауыл тұрғыны COVID-19-ға қарсы толықтай вакцина алып, қатерлі дертті тоқтатуға өз үлестерін қосуда.

Ауыл мұғалімдері де екпені толықтай алды. Олар оқу жылын сәтті бастап кетті. Қоңыр ауылындағы орта мектепте 210 оқушы білім алып, 75 мұғалім қызмет етеді. Жалпы айтқанда, оқу орны жеткілікті көлемде жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген. Күнделікті, кабинеттерде дезинфекция жүргізіліп, сабақтарда балалар әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бетперде киіп отырады.

Ескелді ауданы бойынша 23600 адам вакцинациялауға жарамды, оның 13600-і коронавирустық инфекцияға қарсы екпені толықтай алды. Бүгінгі күнге тұрғындардың 57 пайызы вакцинацияланған. Халықты вакциналау үшін Қарабұлақ, Алдабергенов, Ақын Сара және Бақтыбай ауылдарында 4 екпе кабинеті жұмыс істеуде. Қосымша бір жылжымалы медициналық кешен қызмет етеді. Қажет болған жағдайда, ауданның басқа ауылдарындада қосымша 6 егу кабинетін ашуға мүмкіндік бар.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан екі апта бұрын Ескелді ауданының Жалғызағаш ауылдық округінің тұрғындары коронавирусқа қарсы екпені толықтай алған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"