АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 08.09.2021
Оқылды: 1259
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық көпсалалы балалар ауруханасының директоры Арман Тойбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына қатысты өз пікірін білдірді.

Аурухана директорының айтуынша, "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі" деп аталатын Жолдауда медицинаға баса назар аударылған. Өйткені, екі жылдан бері елді елеңдетіп, әлемді әбігерге салған коронавирус індеті бүкіл салаға салқынын тигізді. Мыңдаған адамның өмірін жалмады. Кәсіпкерлік тұралап қалды. Бүкіл халық тығырыққа тірелгендей қиын да сындарлы кезең туды. Бірақ мұндай тығырықтан шығар жол көп кешікпей ұсынылды. Ол - халықты жаппай вакциналау.

Арман Серікбайұлы екпе жұмысы ерікті жүргізілгенімен, жақындарымыздың, ұжымның саулығын ойлау, індеттен сақтану, өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбеу - ортақ міндет, ортақ жауапкершілік екенін алға тартады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында вакцина мәселесіне баса назар аударды. Өйткені, вакцина – індетті тоқтатудың жалғыз жолы. Дәрігер ретінде қоғам алдында біздің жауапкершілігіміз жоғары. Сондықтан, вирусқа қарсы вакцина шыққан кезде алдымен медицина қызметкерлері салдырды. Сонымен қатар, Президент Қазақстан халқына Жолдауында коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек екенін атап өтті. Өйткені, кез келген ауруды дер кезінде емдемесе, асқынып кету қаупі туындайды. Сондықтан, дәрігерлер пандемияға қарамастан ауруы сыр берген кез келген пациентті құтқарып қалу үшін барын салып еңбек етуде. Қазіргі таңда көпсалалы облыстық балалар ауруханасының мамандары жоспарлы түрде және шұғыл көмекті қажет ететін балалардың барлығына дер кезінде көмек көрсетіп жатыр. Президент өткен жылы да медицина саласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы негізінде іске асатын жұмыстар тұрғындардың өмірін жақсартуға, шалғайдағы ауыл тұрғындарына медицинаның қолжетімді болуына септігін тигізеді деп ойламын», - дейді Арман Тойбеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"