КОРОНАВИРУС БАЛАЛАР АРАСЫНДА ТЕЗ ТАРАП БАРАДЫ: ОБЛЫСТАҒЫ ЭПИДАХУАЛ

Уақыты: 08.09.2021
Оқылды: 1078
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирус індетімен барлығы 45 547 адам сырқаттанған. Облыс бойынша КВИ-дің өсу қарқыны соңғы екі аптада 0,9 пайыздан 0,7 пайызға дейін төмендеген. Соңғы аптада ең жоғары сырқаттанушылық  Алакөл, Балқаш, Ескелді, Қарасай аудандары мен Талдықорған қаласында байқалған. Бүгін сырқатқа шалдыққан 265 адамның 43-і он төрт жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Кеселге шалдығушылардың негізгі бөлігі көпшілік орында болғаннан кейін тыныс жолдарының тарылып, денесі қалтырай бастағандарын айтады. Сондықтан санитарлық тазалық сақталмаған жерлерде, көпшілік адам бар орындарға бармаған дұрыс.

– Облыстан құрылған мониторингтік топ той-томалақ өткізген 233 жағдайды анықтап, айыппұл салды. Ағымдағы жылдың басынан мониторингтік топтар 28 463 мың рейд жүргізді. Содан бері қарай 1369 карантин режимін бұзу фактісі анықталған. Нәтижесінде, 735 нысанға 89 миллион теңгенің әкімшілік жазасы қолданылды. Карантиндік және бетперде режимін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 592 хаттама толтырылды, – дейді Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылдау департаменті өкілдері.

Дәрігерлердің айтуынша, коронавирустың алдын алудың бір-ақ жолы бар. Ол – вакцина салдыру. Басындағыдай емес, індетке қарсы екпе салдырушылар саны көбейген. Олар алдымен өзін, содан кейін бала-шаға, қоғамды кеселден сақтауға атсалысуда. Бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның І компонентін 8 қыркүйекке қараған күні 699 323 (64%) адам алды, екіншісімен 581 358 (53%) тұрғын егілді. Оның ішінде 39 670 педагог, 23 746 медицина маманы, 12 347 мемлекеттік қызметкер екпе алып, көш бастап тұр. Ал ІІ компонентті 12 347 мемлекеттік, 23 746 медицина қызметкері, 39 670 педагог,  21 383 мемлекеттік күзет қызметкері, 205 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері салдырған.

Жыл басынан облыстық медициналық мекемелерге  вакцинаның І компонентін салуға арналған 773 685 доза келіп түскен. Оның ішінде 598 575 доза «Гам Ковид Вак», 104 100 доза «Sinopharm», 43 010 доза «QazVac» және 28 000 доза «КоронаВак» бар.

Вакцинаның екі компонентінен 701 310 доза алынды. Оның ішінде 526 200 доза "Гам Ковид Вак", 104 100 доза "Sinopharm", 43 010 доза "QazVac" және 28 000 доза "КоронаВак" келіп түскен.

Білім  шаңырақтарында сабақ басталғалы ата-аналар мен ұстаздардың жауапкершілігі артты. Балалардың санитарлық тазалығы, оқу орындарын қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз ету жіті қадағалануда. Алдыңғы айға қарағанда сырқаттанушылық азайды. Өзіміз бен өзгелердің амандығы үшін сақтық шараларын баршамыз естен шығармауымыз керек.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы