ОБЛЫСТА КОВИДКЕ ҚАРСЫ ВАКЦИНА АЛҒАНДАР 60 ПАЙЫЗДАН АСТЫ

Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1149
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Соңғы аптада Алматы облысында коронавируспен сырқаттану көрсеткіші азайған. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Тамыз айында сырқаттанушылық 300 адамнан асып кеткен. Кесел жұқтыру Іле, Ақсу, Райымбек аудандары мен Қапшағай қаласында  төмендеген. Облыста індет жұқтырғандарға арналып 6 мың орын дайындалған. Дәрігерлердің айтуынша, коронавирусты емдеуге арналған орынның 42 пайызы қолданыста.

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Жауапты мамандардан алынған мәлімет бойынша, індетке шалдығушылар саны бүгін 290-ды құраған. Оның 258-і симптомды, ал 32-сі симптомсыз. Кесел жұқтырғандардың 45-і он төрт жасқа дейінгі балалар, алтауы - студент.

Сақтық шарасы барлық жерде сақталуда. Сонда да оқу жылы басталысымен оқушылар мен студенттер арасында індетке шалдығу байқалуда. Коронавирусқа шалдығушылар саны кеше Талдықорғанда (66) және Алакөл (32), Еңбекшіқазақ (31), Ұйғыр (21) аудандарында көп тіркелген. Басқа аудандарда ба бар.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Жансеңгіровтің айтуынша, облыс тұрғындарының 62 пайызы вакцина салдырған. Өңірде барлығы 244 егу пункті ашылған. Оның 27-сі мобильді топ, ал 17-сі жылжымалы егу кешені. Жылжымалы топ шалғай елдімекендерді аралауда. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, індеттің қайтуына  вакцина салу оң әсер етуде.

Егер жөтеліп, дене қызуыңыз көтерілсе, қалтырап, тыныс жолдарыңыз бітеліп, енжарлық байқалса, дереу дәрігерге көрінген дұрыс. Бұл белгілер балаларға да тән. Әр азамат сақтық шарасын ұмытпауы тиіс.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы