ТАЛДЫҚОРҒАН АУРУХАНАСЫНДА ТОҚІШЕК ЕМДЕЙТІН БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ

Уақыты: 18.10.2021
Оқылды: 1359
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған көпсалалы ауруханасында «Колопроктология және хирургиялық инфекция» бөлімі ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Осы күнге дейін тоқішек сырқатына шалдыққандар хирургия бөлімінде емделетін. Аталмыш сырқатты өз маманы емдеген дұрыс. Себебі, бүгінде сырқаттың  заманауи тағамдарды тұтынуға  байланысты жаңа түрлері шыққан. Сондықтан бөлімнің ашылуы дәрігерлер мен емделушілерге қуаныш сыйлады. Бөлімшенің ашылу салтанатына денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров, хирург-проктолог, профессор Марат Абдуллаев, мекеменің директоры Жұмахан Молдақұлов қатысты.

Бөлімше ашыла салысымен палаталар емделушілерге толыпты. Тоқішек сырқаты кез-келген адамда, әртүрлі жаста туындай береді. Мұнда жүкті әйелдер де жатыр. Аталмыш сырқатты уақытында емдемесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

– Мекеме көпсалалы болғандықтан тұрғындарды емдеудің, денсаулығын сақтаудың барлық түрін қолға алып жатырмыз. Адамның денесі күрделі құрылым. Оның әр мүшесінің қыры мен сыры мол. Біреуінің қызметі бұзылса, басқаға кері әсер етеді. Сондықтан, білікті дәрігерлер дайындап, емдеу мекемесін керек құрал-жабдықпен қамтамасыз ету біздің міндетіміз, – деді Жұмахан Молдақұлов.

Емханадағы жаңалықты естіп, осы саладағы тәжірибелі маман ретінде көмек қолын созуға келген Марат Абдуллаев бүгінде  ішкен ас-суымызға байланысты  ішек сырқаттарының көбейіп бара жатқанын айтты. Бүгінде бұл аурудың түрі 300-ден асып түскен. Тоқішек кеселі қатерлі ісікке айналмас үшін емді нақты тағайындау керек. Сондықтан болашақта бөлімше мамандарына профессор өзі кеңес беріп, дәрігерлерге шеберлік сыныбын өткізіп тұратынын жеткізді.

Емдеу бөлімі барлығы 20 адамға арналған. Бүгінде онда 19 сырқат ем алып жатыр. Олардың  12-сі колопроктологиялық сырқатпен, қалғандары инфекциялық ірің кеселіне шалдыққандар. Бөлімше меңгерушісі тоқішегі зақымданғандар көбінесе асқынып кеткен соң келетінін айтады. «Арнайы бөлімше болмағандықтан оларды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жіберетінбіз. Бөлімшеде білікті үш дәрігер істейді. Олар облыстағы тоқішек сырқатын емдеушілерге кеңес берумен де шұғылданады. Олар жер-жерлердегі ауруханалардың дәрігерлеріне жоспарлы және шұғыл түрде кеңес беріп, көмек көрсетеді», – дейді мамандар.

Бөлімшеде ем жүргізу бірден нәтижесін беруде. Алғашқы күні-ақ хирургиялық ота жасаудың заманауи әдістерін үйретуге арналған шеберлік-сыныбы өткізілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Талдықорған қаласы

Алматы облысы