КЕГЕНДЕ ҚАЛЫҢ ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН АНА МЕН БАЛА ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 04.11.2021
Оқылды: 1103
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті алғашқы қар түсе сап екі адамның өмірін ажалдан арашалап қалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«4 қараша күні түнгі сағат 03:30-да Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің пультіне Кеген ауданының Тұйық ауылында "Жедел медициналық жәрдем" автокөлігі қар құрсауында қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына дереу Кеген ауылынан қызметкерлер жіберілді. Бір жасар бала анасымен бірге болған "Жедел медициналық жәрдем" автокөлігі қалың қар құрсауында қалғаны анықталды. ТЖД қызметкерлері жұқпалы ауруы бар баланы және оның анасын Кеген ауданының ауруханасына эвакуациялады. Баланың жағдайы тұрақты, қазіргі уақытта ол ауруханаға жатқызылды», - делінген төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, "Қазгидромет" болжамы негізінде Алматы облысында 3-4 қараша күні ауа райының нашарлауы және қар жауатыны туралы ескерту жарияланды. Сондай-ақ, Алакөл, Сарқан, Ақсу өңірінде қатты жел соғатыны ескертілген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"