АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА PFIZER ЕКПЕСІ ЖЕТКІЗІЛЕДІ. ЖАҢА ВАКЦИНА КІМДЕР ҮШІН?

Уақыты: 05.11.2021
Оқылды: 1778
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық Журналистер үйінде тұмауға қарсы иммундау жүргізу, оның денсаулыққа пайдасы, нәтижесі, сондай-ақ, жүкті әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға індетке қарсы Pfizer екпесі салынатыны жөнінде баспасөз отырысы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шарада алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров сөз алып, тұмауға қарсы екпе салудың жөн-жосығымен таныстырды.

Екпе медицина қызметкерлері, жиі сырқаттанатын балалар, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балалары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жүкті әйелдер, жүрек-қантамыр сырқаты барлар мен тыныс алу жолы кеселіне шалдыққандарға жасалады. Барлығы 21346 медицина маманы, 7256 жүкті әйел, 74505 созылмалы сырқаты бар адамдар, 2722 жабық негіздегі балалар мекемесінің тәрбиеленушілері екпе алған.

Қыркүйекте басталған  шара негізінде облыс бойынша 280485 адам екпе алған. Спикердің айтуынша бәрінің жағдайы жақсы. Биыл тұмауға қарсы екпенің «Гриппол+» деп аталатын ресейлік түрі пайдаланылуда. Облысқа оның 305463 дозасы әкелінген. Бұл екпе елде бесінші жыл қолданылып келеді.

Баспасөз конференциясында облыста жүкті әйелдер мен балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer екпесінің салына бастайтыны айтылды. Ол үшін -80 градуста вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыштар әкелінген. Қазіргі таңда облыста 70 мың доза екпе сақтайтын екі тоңазытқыш алынған. Аталған вакцинамен 12-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларын, жүкті әйелдерді егу жоспарланған.

Арман Жансеңгіровтің айтуынша, 65 жастан асқан адамдардың арасында тұмаудың салдарын көтере алмайтындар қатары өсуде. Тұмаудың алдын алудың бірден-бір жолы екпе алу екенін айтады дәрігер. Негізінде, екпе ағзаға салынғаннан кейін екі апта уақытта күшіне енеді.

Брифингте журналистер спикерге суық тию, иммундық жүйені күшейту, екпе алғандардың денсаулығы жайлы сұрақтар қойды. Облыста бұл орайда денсаулық сақтау жүйесінің емдеуге дайын екендігі, дәрі-дәрмектің жеткіліктілігі айтылды.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы