ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАЛАЙДЫҢ АЛҒЫСЫН АЛҒАН ХИРУРГҚА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 10.12.2021
Оқылды: 2135
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада танымал дәрігер Мандат Есенғараұлы Долаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мандат Есенғараұлы - Бөрлітөбе өңірінің тумасы. Ауыл мектебін "Алтын медальмен" аяқтаған ол бала күнінен армандаған дәрігер мамандығын таңдап, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1978 жылы хирургия мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың хирургия бөлімінде қарапайым хирург болып бастайды. Осылайша ол бөлім меңгерушілігіне дейінгі сатыға көтеріледі, кейін аурухана бас дәрігерінің орынбасары болып та қызмет атқарады. Сонымен қатар, ол облыстың бас хирургі де болды.

Мандат Есенғараұлы қырық жылдан астам уақыт хируг болып, медицина саласында қалтқысыз қызмет етті. Осы жылдар аралығында мыңдаған адамның өміріне арашашы болды. Ел ішінде оны алтын қолды дәрігер деп таныды. Ол науқастанып жүрсе де, ота жасауын тоқтатпады. Өмірінің соңына дейін мамандығына  адал  қызмет етті.

Мандат Долаевтың еңбегі ескерусіз қалмады. 2019 жылы берілген «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы оның қырық жылғы үздіксіз еңбегінің жеңісі деуге болады. Сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің үздік дәрігерлерге берілетін алтын және күміс медалімен марапатталды. Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атағын да алды.

Аса көрнекті хирург, Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың білікті дәрігерлерінің бірі Мандат Есенғараұлы 2021 жылдың мамырында өмірден озды.

Бүгінде үлкен жүректі дәрігердің ізін қызы Эльмира жалғауда. Ол да әкесі еңбек еткен облыстық ауруханада офтальмолог болып жұмыс істейді.

Мемориалдық тақта Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана ұжымы мен қалалық мәслихаттың депутаты, Жоғары медициналық колледж директоры Серік Жансеңгіровтің қолдауымен орнатылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы