ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАҢА ЖЫЛ ТОЙЛАНА МА? САНИТАР МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Уақыты: 20.12.2021
Оқылды: 1242
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Құрметті Талдықорған қаласының қонақтары мен тұрғындары! Вируспен күресу жұмысы қалыпқа түскеніне қарамастан, қауіп әлі сейілген жоқ.

Коронавирус инфекциясы көбінесе жабық кеңістіктерде, адамдар көп шоғырланатын жерлерде, ауқымды шаралардың ортасында тез өршитіні белгілі. Желтоқсан - мерекеге толы ай. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында коронавирустың алдын алу шараларын қатаң сақтауымыз керек. Ол үшін не істеу керек? Ең алдымен:

- халық көп жиналатын орындарға бармау;

- ұжымдық іс-шараларды, ертеңгіліктер, корпоративтік кештерді өткізбеу және оларға қатыспау;

- дененің гипотермиясын (тоңдырып алмау) болдырмау;

- туыстар мен дос-жаранға қауіп төндірмеу, құттықтау үшін қашықтан байланыс құралдарын пайдалану талаптарын орындау өте маңызды!!!

Жаңа жыл - бұл отбасылық мереке және оны туыстарыңызды, достарыңызды және таныстарыңызды шақырмай-ақ, бірге тұратын жақын адамдарыңыздың ортасында қарсы алған әлдеқайда дұрысырақ!

Пандемия әлі жалғасып жатыр. Вирус бізден әлі жеңілген жоқ! Сондықтан, әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауы керек. Жұқтырмас үшін және басқаларға кесіріңіз тимес үшін барынша сақтаныңыз, талапты орындаңыз. Міндетті түрде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтай біліңіз!

Алдағы мереке эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирустың өршуіне әкеп соғуы ықтимал. Ауруды алдын алу үшін жоғарыда айтқан талаптарға құлақ асыңыз және алдын алу шараларына мән беріп, жүзеге асырыңыз!

Еске салайық, Талдықорғанда жыл басынан бері індет жұқтырғандар саны 11 мыңнан асты. Бұл, әрине, былтырғы жылмен салыстырған шамамен екі мың адамға аз. Соңғы екі аптада 100-ден аса қала тұрғыны қауіпті кеселге шалдығып үлгерген. Сондықтан, сақтық шараларын ұстану маңызды екенін айтқым келеді.

Сәкен МЕЛДЕБАЕВ,

Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары

Алматы облысы