ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ӨЗДІГІНЕН ЖҮРІП-ТҰРА АЛМАЙТЫН АДАМДАРДЫ ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 21.12.2021
Оқылды: 1585
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қапшағай қаласында ересектерге арналған 50 орынды оңалту орталығы ашылды. Ғимарат лентасын Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев және «Қапшағай Самға» мүгедектер бірлестігінің басшысы Марат Абдуллаевтар қиып, жиналған көпшілікті Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Оңалту орталығы жарымжан жандардың еміне шипа болып, олардың тезірек аяғынан тұрып кетуіне септігін тигізетін құтты орынға айналуын тіледі.

– Облыста әлеуметтік-медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуына бар жағдай жасалып жатыр. Ғимараттар жаңғыртылып, материалдық-техникалық база нығаю үстінде. Мәселен, ағымдағы жылы 9 медициналық-әлеуметтік мекеменің аумағы абаттандырылды. Воркаут алаңдары орнатылды. Заманауи оңалту құралдары сатып алынды. Осы жұмыстарға бюджеттен 460 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету ісі ары қарай жалғаса береді, – деді Батыржан Байжұманов.

Бұдан кейін жиналған көпшілік ғимарат ішін аралап көрді. Аталған орталық Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне қарайды. Мұнда тірек-қимыл аппаратының функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіретін жаттығу құралдары, зертхана орталығы, фито бөшке, массаж, физиотерапия және тағы басқа сауықтыру бөлмелері қарастырылған.

– 50 орынға арналған оңалту орталығына келушілер бір айға жуық осында ем-дом алады. Орталықта кардиолог, невролог, травматолог сынды дәрігерлер мен кіші медицина қызметкерлерін қосқанда 21 маман бар, – дейді Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұрғали Бекенұлы.

Қазіргі таңда Қапшағайда 1453 мүмкіндігі шектеулі жан тіркеуде тұр. Алдағы уақытта оңалту орталығын кеңейту жұмыстары қолға алынбақ. Соның арқасында жылына мың адамға қызмет көрсету жоспарланып отыр. Ең бастысы, еміне дауа іздеп келген науқастар осы жерден құлан-таза айығып шықса екен. Жиналғандардың тілегі де осы болды.

Болат МӘЖИТ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы