ҮШТӨБЕДЕ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.12.2021
Оқылды: 1987
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Үштөбе қаласында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қаратал» күндізгі орталығы мекемесінің жанынан оңалту бөлімшесі ашылды.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ерлан Исабеков:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөліп, оңалту орталығын ашу керектігін басты назарға алды. Ауданда мүмкіндігі шектеулі 188 бала бар. Оның 48 пайызы оңалту орталығында, 50 бала күндізгі, 40 бала тәулік бойғы бөлімінде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ашылған бөлімше болашақта талай мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтатынына сеніміміз мол, – деді.

Өз кезегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат, аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Рахымғали Өтегенов ізгі тілектерін білдіріп, оңалту бөлімшесінің лентасын қиды. Осыдан кейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қаратал» күндізгі орталығының директоры Ирина Байгазакова қонақтарды оңалту орталығымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Айта кетейік, 40 балаға арналған оңалту бөлімшесін ашу үшін бюджеттен 123 млн.теңге қаржы бөлініпті. Мекеме «Корвид», «Аника», «Поток-1» сияқты мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартатын заманауи құралдармен жабдықталған.

Жиын соңы бүлдіршіндер мен мекеме қызметкерлерінің концертімен жалғасты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы