ТАЛДЫҚОРҒАНДА АЛҒАШ РЕТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ОТА ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 24.12.2021
Оқылды: 1474
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғанда халықаралық деңгейде алғаш рет шеберлік сыныбы өтті. Бұл туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында медицина ғылымдарының кандидаты Данияр Жақыповтың қатысуымен лапароскопиялық гистерэктомия, промонтофиксация, консервативті миомэктомия операциясы жасалды. Операция жасау сәті біріктірілген операциялық бөлмеде Мәскеу, Минск, Баку қалаларындағы дәрігерлердің онлайн қатысуымен өтті. Сонымен қатар, "OR1 FEST" эндохирургиялық онлайн/оффлайн конгресі аясында ұйымдастырылған халықаралық шеберлік сыныбы Ақтау, Нұр-сұлтан, Алматы, Талдықорған, Мәскеу, Минск, Баку қалаларында өтті. Операция OR1 біріктірілген операциялық бөлмесінде тікелей эфирде трансляцияланды.

- Операция кезінде хирургтар, гинекологтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, біріктірілген операциялық бөлмелерде жұмыс істеудің мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы айтты. Мұндай тәжірибе дәрігерлердің біліктілігін арттырып, хирургтар мен гинекологтардың жаңа деңгейде ота жасауына мүмкіндік береді. Аурухананың операция бөлмелерінде барлық қажетті жабдықтар бар, - деді Талдықорған қалалық көпсалалы аурухана директоры Жұмахан Молдақұлов.

Естеріңізге сала кетсек, "OR1 FEST" эндохирургиялық онлайн/оффлайн конгресі Ақтау қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта OR1 біріктірілген операциялық жүйесінің ашылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"