«Қорғаста» медициналық орталық ашылды

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1337
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан мен  Қытай шекарасында орналасқан «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы бүгінде өз алдына сәулетті әрі дәулетті қалашыққа айналған. Әсіресе, көрші орталықтың елге қарасты аймағындағы тірлік қайнап жатыр. Зәулім ғимараттар мен келісті сауда үйлері, мейрамханалар мен қонақүйлер, тұтынушысын көргенде жайылып жастық, иіліп төсек болуға дайын  қызметшілердің  барлығы осында. Сондай нысанның бірі – «Сылучанге» мәдени-туристік орталығы орналасқан алып, қызыл ғимарат. Күні кеше осында қазақстандық туристерге арналып  бірнеше сауда үйі мен көрме залы және медициналық орталық ашылды. 

«Сылучанге» мәдени-туристік орталығы «Жібек жолы» уезін салуды жоспарлаған және ретімен жүзеге асырып келеді. Компания жалпы аумағы 43 мың шаршы метр болатын цирк театры мен «Шығыс» апартаменті және «Шығыс» көрме залы құрылысына 320 миллион юань инвестиция салыпты.  Компания басқармасының төрағасы Ван Яньның айтуынша, басты мақсат – халықаралық туризм мен медицинаны дамыту. Дәстүрлі қытай медицинасын пайдалану арқылы денсаулық сақтау мен  оңалту, қонақ- үй түріндегі апартаменттер, балалар демалысы мен ойындары, цирк және тағы да басқа мәдени-туристік қызметтер ұсынылады. Қазіргі кезде тағы 34 гектар жерге көпшілікке арналған мәдени нысандар салуды ойластыруда. 
Бүгінде «Сылучанге» мәдени-туристік орталығы Қорғастағы көптеген кәсіпорынмен тығыз байланыс орнатқан. «Дунфан Динин консалтингтік қызметтер» АҚҰ, «Хуанжайда» АҚҰ, «Тяньюнь» халықаралық АҚҰ, тағы да басқа сауда және туристік компаниялар, көркемөнер қауымдасықтарымен өзара іскерлік қарым-қатынас жолға қойылған.
Сейсенбі күні мәдени-туристік орталық пен сүйектегі ақаулар мен буын ауруларын дәстүрлі қытай медицинасымен емдейтін Чженчжоу әскери ауруханасымен келісім жасалды. Онда айтылғандай, жоғарыда аталған әскери аурухана «Дунфан Цзиньсюде» орналасып, Қазақстан мен Қытай арасындағы медициналық ғылымды жалпы дамыту және екі ел халқына үздік медициналық қызмет көрсету жолында өзара тәжірибе алмасудың тұғырнамасын жасайтын болады.  
Келісім жасауға арналған салтанатта сөз алған  компания басқармасының төрағасы Ван Янь екі елдің шекара маңындағы ынтымақтастығы алға жылжыған жылдармен бірге өркендеп келе жатқанына тоқталып, қос мемлекет басшысының өзара келісімі нәтижесінде дүниеге келген «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының соңғы бірер жылда дами түскеніне тоқталды. Болашақ жоспарлар жайлы айтты. Жаңадан ашылған көрме залы мен медициналық орталықтың бұған дейін қалыптасқан байланысты одан ары нығайта түсетіндігіне сенім білдірді. 

 

Алматы облысы делегациясының атынан сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Қазақстан медицинасының бүгінгі жетістіктері жайлы айта келе, екі ел арасындағы қарым-қатынастың берері мол боларына үміт артты.

Болат АБАҒАН.