Тәжірибелі хирург 3 балаға тегін ота жасады

Уақыты: 15.04.2023
Оқылды: 2392
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина ғылымдарының докторы 40 жылдық тәжірибесі бар Нұрлан Арын Талдықорған қаласында балаларға тегін күрделі операция жасады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасында ол 3 баланың бүйрек, көкет, өкпе, бауырына ота жасап, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасты. 

- Біріншіден, туған жеріме келіп қуанып тұрмын. Облыс тарихи Жетісу деген атауын алып жатыр екен. Құттықтаймын. Екіншіден, ораза қабыл болсын. Үшіншіден, Талдықорғанда менің әкем Мұхтар Арын атында мектеп-гимназия бар. Биыл білім ордасының 30 жылдық мерейтойы. Соған орай 3 балаға қайырымдылық операцияларын жүргізуді жөн көрдік. Бәрі сәтті өтеді деп сенемін. Біздің кішкентай балапандарымыз аман болып, қазақтың балалары көбейе берсін. Біз берген ем шипа болып, бүлдіршіндер шапқылап кетсін, - деді тәжірибелі дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, профессор Нұрлан Арынов «Туған елге тағзым» аясында облыстың медициналық мекемелерінде шеберлік сабағын өткізеді. Осы уақытқа дейін Нұрлан Мұхтарұлы 25 мыңнан астам операция жасаған. Оның ішінде 1,5 мыңнан астамы қайырымдылық операциялары. Дәрігер сонымен қатар 300 ғылыми мақала мен 7 монографияның авторы.