БОЗ КІЛЕМДЕГІ АЛАПАТ АЙҚАС

Уақыты: 22.12.2017
Оқылды: 1944
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы «Динамо» спорт кешенінде облыстық ішкі істер органдары қазақ күресінен «Жетісу Полиция барысы» өтті. Сайысқа әр ауданнан сайдың тасындай іріктеліп келген командалар қатысты.

Шараның шымылдығы облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы Мұрат Ұрымханов  сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Жарысқа Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәулен Мамыров, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері НұрбақытТеңізбаев арнайы келіп, құрметті қонақ болды.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бәсекеге жұртшылық көптеп қатысты. Дода десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер сынға түскен балуандарды қызу қолдап отырды. Қазақы дәстүрге сай киініп, иықтарына қасқыр терісін асынған балуандар боз кілемге бет алған сайын қиқу үдейе түсті. Жауырынын жерге тигізгісі келмеген апайтөс балуандардың сайысы тартысқа толы болды. Балуандардың барлығы боз кілемде шыныққаны көрініп тұр. Бір-біріне тегеурінді қарсыластар болып, боз кілемде алапат айқас жасады. Құлжаның сақасындай кесек бітімді спортшылардың білек күші мен әбжіл тәсілдері көрермендерді тамсандырды.

Жарыс қорытындысы бойынша 66 келі салмақта бас бәйгені Олжас Исабеков еншілесе, күміс жүлдені Жұматай Жандос иемденді. Ал, қола жүлдені Дәулет  Бағыланға бұйырды. 74 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Жасұлан Қалиев жеңіп алса, Димаш Ғабиденұлы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. 3-орынды Ілияс Рымтаевқа бұйырды. 82 келі салмақта 1-орынды Елтай Мекеев еншіледі. 2-орынды Ахмет Қоқанов жеңіп алса, Сырым Жомартов үздік үштіктің қатарынан көрінді. 90 келі салмақта 1-орынды Саят Қызайбек, 2-орынды Ерлан Мыңбаев, 3-орынды Олжас Ахметов қанжығасына байлады. Түй балуанында бас жүлдені Елтай Мекеев жеңіп алды.

 Осылайша, боз кілемнің үстінде атой салған кіл мықтылар бәсекесін тамашалаған жұртшылықтың айызы қанып, төл өнерді дамытып, ұлттық спортты ұлықтап жүрген қазақтың қара нар жігіттеріне ризашылығын білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ.