Емханаларға тіркелу науқаны басталады

Уақыты: 01.09.2023
Оқылды: 653
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қыркүйектің 15-нен бастап елімізде емханаларға тіркелу науқаны басталады. Еліміздің әрбір азаматы екі ай ішінде, яғни 15-ші қарашаға дейін таңдау еркі бойынша медициналық ұйымдарға тіркелу мүмкіндігіне ие.

Тіркелу науқаны кезінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келер жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді. Сондықтан, дерекқордың кәміл дұрыстығына Қор мүдделі.

Тіркеу науқаны денсаулық сақтау нысандарының дерекқорында тіркелген және тегін медициналық көмек пен МӘМС бойынша медициналық қызметті көрсететін ұйымдар арасында ғана жүргізілетінін атап өтеміз. Қормен келісім шарты бар емханалардың тізімімен www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.

Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханаларында медициналық қызмет түрлерін алуды жалғастырады.

Жетісу облысы бойынша бүгінгі таңда медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына тіркелмеген азаматтар қажетті емханасын таңдай алады. Медициналық көмекке толықтай қол жеткізу үшін тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелу мәртебесін тексеру ұсынылады.

Қазіргі таңда, денсаулық сақтау жүйесі және халық денсаулығы Кодексіне сәйкес, кез-келген консультативті диагностикалық көмекке (бейінді мамандардың кеңесі немесе лабораториялық-диагностикалық шаралар) қол жеткізу үшін телім дәрігерінің жолдамасы қажет. Сондықтан, медициналық көмекті жоспарлы түрде алу үшін, емханаға тіркелу мәселесі өте маңызды болып табылады.

«Бүгінгі таңда Жетісу облысы бойынша 122 мыңнан астам адамда сақтандыру мәртебесі жоқ. Алайда, сақандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ, жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Осыған орай, сақтандырылмаған тұрғындарымызды МӘМС жүйесіне сақтандыру мәртебесін анықтап алуға шақырамыз. Айта кетейік, 2023 жылы - 60 медициналық қызмет жеткізушімен, оның ішінде 27 (45%) мемлекеттік меншік нысанымен, 33 (55%)  жеке меншік нысанмен шарт жасалды. Оның ішінде 17 медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы бар»,- деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Гульзия Таипова.

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру

қорының Жетісу облысы бойынша филиалы