Қарабұлақ ауылында медициналық орталық ашылды

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 871
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ескелді ауданы үшін ақжолтай. Аудан медицинасы жаңғыра түсуде. Жуырда ғана алғашқы жедел және шұғыл медициналық көмек қосалқы стансысы ашылған еді, араға көп уақыт салмай алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік тәжірибелер орталығы ашылды. Жетісу өңірінде алғаш болып іске қосылған орталық отбасылық медицина қағидатын енгізуге бағытталып отыр. Айта кететін жайт, бұл оңтайлы тәжірибе алдағы уақытта біртіндеп облыс көлемінде қолға алынады.

Негізі осындай үздік тәжірибе орталығын құрудағы басты мақсат – медициналық көмекті қолжетімді ету, адам мен оның отбасының қажеттіліктері үшін денсаулық сақтау қызметтерін интеграциялау, шағымдар санын азайту, ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жүргізу. Сонымен қатар, тұрғындардың медициналық сауаттылық деңгейін арттыру, ауруларды емдеу және алдын алу үдерісіне қатысу, халықтың денсаулығын қорғау саласындағы жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу.

Қарабұлақ ауылындағы Ескелді аудандық ауруханасының базасында құрылған орталықтың ашылуына аудан әкімі Елдос Ахметов, «Астана» медициналық университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков және ауданның ақ халатты абзал жандары қатысты. Өз кезегінде аудан әкімі елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әр салада серпінді қарекет барын, оның ішінде медицина саласында жаңашылдықтар көп екенін атап өтті. 

– Аудан үшін бұл маңызды бастама. Жетісу өңірінде алғаш осындай орталық ашылып отыр. Мемлекет басшысы «баршаға бірдей мүмкіндік» беретін қоғам құруды әр сөзінде айтып жүр. Қолда бар мүмкіндіктерге масайрап отыратын шақ өткеннің еншісінде кетті. Бізге жаңашылдық пен жаңғыру қажет. Сонда ғана алға ілгерілейміз. Осы ашылған орталық жемісті жұмыс істейді деп сенеміз және олардың тәжірибесі жақын арада Жетісу облысына кеңінен таратылатын болады, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде сөз тізгінін тартқан «Астана» медициналық университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков адам денсаулығына қамқорлық жасайтын кешеннің медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек беретін орталыққа айналатынын атап өтті.

– Бұл отбасылық медицинаны дамыту мен медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Осындай алғашқы орталықты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ауылдық көпсалалы аурухана базасында ашқан болатынбыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің жобамызды Еуропаның 53 еліне әлемдегі алғашқы демонстрациялық платформа ретінде ұсынды. Жалпы, біздің қауымдастық 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Біз, сондай-ақ, психикалық денсаулық мәселелерімен де айналысамыз, халықты ми қанайналымы бұзылысының, сүт безі қатерлі ісігінің және т.б. сырқаттардың алғашқы белгілерін анықтауға үйретеміз, – деді Төлебай Рахыпбеков. 

Орталықтың лентасын қиғаннан кейін меймандар нысанның қызметімен танысып, жаңашыл медициналық мүмкіндіктер жайында мағлұматтарға қанықты. Айта кетейік, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік тәжірибелер орталығы Талдықорған қаласындағы №1 емханада да ашылды.

Дастанбек САДЫҚ