Заманауи ультрадыбыстық құрылғы берілді

Уақыты: 10.10.2023
Оқылды: 960
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Халықаралық коммерциялық емес «Philips Foundation» ұйымы мен «Сәби» қоры қайырымдылық жобасы арқылы облыстағы бірнеше ауруханаға заманауи медициналық қондырғы берді. Нидерланды корольдігінің Орта Азиядағы елшісі Нико Схермерс ашқан салтанатты шараға «Сәби» қорының жетекшісі Рысжан Кержікова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүнісова қатысты.

Заманауи қымбат аппаратты алуға әр мекеменің қаржысы жете бермейтіні анық. Сондықтан ультрадыбыстық аппараттың көптеп берілуі облыс тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Қайырымдылық шарасы арқылы 4 аудандық ауруханаға берілген 9 мобильді ультрадыбыстық құралдармен жұмыс істеу үшін алдын ала 13 дәрігер оқытылып, даярлаудан өтті. Енді жаңа аппараттың игілігін Алакөл, Панфилов аудандары мен Текелі және Талдықорған қалаларының тұрғындары көреді.

Шалғай елді мекен тұрғындарын жоғары медициналық технологиямен қамтамасыз етуді, инновациялық медициналық көмекті жандандыруды мақсат еткен қайырымдылық жобасы арқылы берілген аппараттар сырқаттың себебін, кеселдің уақытын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Мобильді ультрадыбыстық аппарат төсек тартып қалған, үйде, машинаның ішінде жатқан науқастың хал-жайын анықтауға көмектеседі. Бұрын ультрадыбыстық аппаратқа түсіру үшін науқасты міндетті түрде ауруханаға апаратын.

Ондай сырқат емдеу мекемесіне жеткенше қиналып қалатын. Кейде кезек күтуге тура келеді. Ал, жаңа аппараттар кеселді жылдам анықтауға септесіп, дәрігердің ем-шара қабылдауына таптырмас көмекші болады. Науқастың диагнозы ерте анықталса емдеу де жылдам қолға алынатыны анық. Қайырымдылық жобасы заманауи қондырғылар арқылы жүрек-қантамыры, іш-құрылысы, өкпе, акушерлік-гинекологиялық сырқаттарды анықтауға септігін тигізіп, қолданысқа ыңғайлы аппаратпен емдеудің қолжетімділігін арттырады. Аталмыш жоба жетекшілері алдағы уақытта өңірдегі ауруханаларды заманауи аппараттармен толық қамтуға жоспар құруда.

Гүлжан ТҰРСЫН