Денсаулық сақшысы

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1785
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тарих тұлғаларды тудырады. Тұлғалар тарихты жасайды. Ол өткен күндерден емес, есте қалған күндерден тұрады. Саналы өмірінің 60 жылын денсаулық сақтау саласына жұмсаған, жарты ғасыр бойы туберкулезбен күрескен, мыңдаған адамның өміріне араша түсіп, қоғамның тазалығына, саулығына үлес қосқан хирург Секерғали Садықовтың өмір жолы сол тарихтың бір бөлшегі, тармағы. 

Талдықорған қаласындағы медициналық училищені бітірген Секерғали екі жыл «Алғабас» колхозының «Мақпал» мал жайылымы учаскесінде фельдшер болып еңбек жолын бастайды. Жоғары медициналық оқу орнын бітірмей білікті дәрігер бола алмайтынын жете түсінген ол 1960 жылы Семейдің медицина институтына  оқуға түседі. Секерғали Садықұлы екі жылдан соң Алматы медицина институтының емдеу бөліміне ауысып, 1966 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтап шығады. Сол жылы Киров кентіндегі облыстық туберкулез диспансеріне хирург қызметіне орналасады. Білімі мен қабілетінің арқасында бірер жылдан кейін  осы диспансерде  бөлім меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл міндетін он жыл бойы мүлтіксіз атқарған жігерлі жан бас дәрігерлік қызметке жоғарылатылып, бес жыл бедерінде басшылық жасайды. Секерғали Садықов 1986 жылы Киров кентіндегі аурухананың хирургия бөлімін Талдықорған қаласында жаңадан салынған туберкулезге қарсы диспансеріне ауыстыруына байланысты қызмет орынын өзгертті. Қайта құрылуға байланысты ол облыстық өкпе аурулар диспансерінің хирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Уақыт сырғып, жылдар жылжып өтіп жатты. Осы ұзақ жылғы еңбек жолында қаншама адамды ажал аузынан арашалап алып қалды десеңізші, өз білімін жетілдіру жолында да ерінбей еңбек етті.
Өз біліктілігін арттыру үшін Алматы, Ленинград, Мәскеуде және басқа қалаларда  арнайы білімін жетілдіру курстарынан өтті. Медицина саласындағы еңбектері ескерусіз қалған жоқ. 1978 жылы «Денсаулық сақтау ісінің  үздігі», «Жоғары санатты хирург» атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Мақтау қағаздарымен марапатталды. 1975–2005 жылдары бірнеше Республикалық журналда мақалалары жарық көрді. Туберкулезге қарсы күреске сіңірген еңбегі үшін «Талдықорған», «Жетісу», «Огни Алатау», «Жәрдем» газеттерінде ол туралы очерктер басылып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Талдықорған облыстық телеарнасы арнайы телеочерк түсірді. 
Секерғали Садықов 1999 жылы зейнеткерлікке шыққанымен осы ауруханада 2015 жылдың мамырына дейін хирург-дәрігер болып істеді. Науқасынан айығып, сауығып шыққан адамдардың алғысынан артық не бар дейсің? «Алғыспенен ер көгереді» емес пе?! 2008 жылы аудандық мәслихаттың шешімімен оған «Көксу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2013 жылы «Емдеу-диагностика процесіне жаңа медициналық технология ендіру» атты IX ғылыми-тәжірибелік конференциялардың мақалаларынан топтама кітап баспадан шықты. С. Садықовтың еңбек жолы да сол топтамаға енді.
Білікті дәрігер әдіс-тәсілдерін жастарға үйретіп, ізбасар  шәкірттер де тәрбиеледі. Қазіргі таңда олардың біреуі медицина ғылымының докторы, екіншісі республика көлеміне есімі  кеңінен танымал жоғары санатты дәрігер, туберкулезге қарсы күрес диспансерінің хирургия бөлімінің меңгерушісі, бүкіл облысқа сыйлы азамат, енді бірі хирург. 
Талдықорған  облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде өкпе хирургиясының дамуына  Секерғали ағамыз өлшеусіз үлес қосты. Денсаулық сақтау саласындағы жарты ғасырлық еңбегінде адамдардың өзіне немесе туған-туысына, біреулердің әке-шешесіне білгір оташы дәрігердің шипалы қолының жәрдемі тигені хақ. Сондықтан да олар оны ардақ тұтып, құрметтейді.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып  отырған Секерғали Садықұлы өмірлік жары Айғанша екеуі  парасатты  азаматтар етіп  тәрбиелеген үш қыз, екі ұлынан тараған 9 немере, 5 шөберенің қызығын қызықтап отырған ардагер ата, ардақты әке. Бұл кісіге өмірдің бар жақсылығын тілей отырып, Алла денсаулық берсін, жаны қартаймай, жасы ұзара берсін демекпіз. «Адам ұрпақтарымен мың жасайды» емес пе?! Ендеше ұрпақтарыңыз аман болып, бақытқа бөленіп қызықты өмір кеше беріңіз! Сіз біз үшін  нағыз дара тұлғасыз!

Шора БАТЫРБАЕВ