БАЛАДА БОС УАҚЫТ БОЛМАСЫН

Уақыты: 01.03.2018
Оқылды: 1923
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ғаламтор арқылы  баланы аздыратын әдіс-тәсілдер шығыпты. Түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында жасөспірімдердің санасын улайтын сусындар бар. Қор-қордың құрамына есірткі қосатын болыпты. Мақсат – санасы қалыптаспаған балаларды тәуелділікте ұстау, болашағына балта шабу, тұзаққа түсіру. Қаскөйлер  ақпарат құралдарын да жаулап алды.   Жер астынан жік шықты деген осы шығар. Мұның бәрі  қауесет пе, жоқ, шын сөз бе, маманнан сұрап білейік деген ой түйдік. Облыстық наркология диспансерінің дәрігері  Мақсат Ерғабыловқа  барып, мән-жайға  қанықтық. 

–  Ата-ана неден сақтану керек? Қандай қоғамдық орындар жасөспірімдер үшін қауіпті?
– Өкінішке қарай, қоғамда жастардың санасын, ағзасын улауға құмар адамдар бар. Сана уланды дегенше, өмірге қауіп төнді дей беріңіз. Миы уланған адам көбінесе жаман ойларға бейім келеді. Өз ісіне есеп бере алмайды. Ал, нашақорлық пен ішімдікке құмарлық өмірге тікелей қауіп төндіреді. Санасы сау адам жаман әдеттерден аулақ жүреді. 
Бейсауат жүріске әдеттенбеген жөн. Достарын да қадағалап отырған дұрыс. Қор-қор қауіпсіз деп айтады. Бірақ, қауіпті. Қор-қордың құрамына есірткі қосады деген сөзді жиі естиміз. Ол – тәуелділікті арттыру үшін жасалатын әдіс. 
– Жалпы қор-қор жайлы түсінік бере кетсеңіз. Оның зияны қаншалықты? 
– Бүгінде қор-қорға арналған шегу қоспаларының қалай әзірленетінін ешкім тексермейді. Сатушылар сұраған адамға қор-қордың зиянын сулы сүзгіш тазартып тұрады дегенді айтады. Керісінше, осы «сәнді»  қондырғы у мен қарамай және бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына жылдам жеткізуші болып табылады. Адамдар қор-қор шеккенде бірреттік түтікшені ғана пайдаланамыз деп ойлайды. Ал бактериялар қор-қор ыдысының қуысында, түтігінде де «тіршілік етеді». Қор-қорды сорғанда түтікшені бір-біріне ұсыну дәстүрі бар. Міне, ұшық, туберкулез, «ойық жара» бактериясы, бензапирен, канцерогендерді ( өкпе обырын тудырушы) адамдар осылайша жұқтырып алады. Бензапирен қан арқылы іштегі балаға өткен жағдайда тұқым қуалайтын аурулардың қалыптасуына негіз туады. Қор-қорды жұқпалы індеттің ордасы десек те болады. Бір сағат қор-қор тартқан адам, бір тал темекі шеккендегіден 100-200 есе артық түтін жұтады. Қор-қорды шеккенде күш көп жұмсалып, түтін тереңге жұтылып, өкпенің қуысына кіріп кетеді. Улылығы жоғары болғандықтан, қор-қор шегуші өкпе обырымен сырқаттану қаупі бүгінгі таңда 2 есе, ринит 2,5 есе, ерлердің белсіздігі 2,5 есе, остеопороз бен ауыз қуыс потологиясы 3,5 есеге артқан.
– Ата-ана баласының наша пайдаланғанын қалай байқай алады? 
– Ондай жағдайда бала  мазасызданып, жылауық немесе ашуланшақ болып кетеді. Жүзі бозғылт тартады. Денесінен шөптің иісі шығып, көз қарашығы үлкейіп немесе кішіреюі мүмкін. Бөлмесінде аты белгісіз дәрі ыдыстары, шприц пайда болады. Жөнсіз күлу де есірткінің әсері болуы мүмкін. Осы белгілерді байқап, күмәнданған жағдайда  дереу дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн. 
– Мақсат Бейбітұлы, дәрігерлік тәжірибеңізде нашақорлыққа байланысты көз алдыңызда қалған бір жағдайды еске түсіріп көріңізші.
– Диспансерге бір жас жігітті әкелді.  Қол-аяғын уқалап, домалап, жан таппай барады.  Медбике ем бастағанша қалтасынан  ұстарасын шығарып, қолының тамырын кесіп жіберді.  Тез арада қанын тоқтатып, жанын алып қалдық. Мұндай жағдай көп кездеседі.  Есін білмегендіктен шеге жұтып алғандар да келді. Сондықтан ең алдымен сананы сақтау керек.  Ойы түзу адам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін саралай алады. Жігер-күші мықты, мақсаты айқын болады. Ал санасы уланғандар барлық әрекетке, азғыруға көнгіш келеді. Сондықтан, баланың бос уақытын дұрыс пайдаланып, спортпен шұғылдануына жағдай жасау керек. Өнерге, қолөнерге, қосымша сабақтар алуға, шет тілін үйренуге бейімдесе тіпті жақсы. 


 

Емделушімен екеуара

– Мұндай күйге қалай түстің?
– Бірде достарыммен түнгі клубқа барғанбыз. Олар маған қор-қор шегуді   ұсынды. Тартып көрдім, ұнамады.
– Несімен ұнамады?
– Иісі, тәтті жеміс қосылған сияқты ма, біртүрлі.
– Ары қарай не болды?
– Достарым есірткі шегіп көр – деді. Шектім, басым айналды. Лоқсыдым. Әлсіздендім. Екі рет қайталағаннан кейін есірткіге аңсарым ауа бастады.  Жұмыстан кейін шегіп жүрдім. Бара-бара түскі үзілісте шектім. Басшыларым біліп қойып, жұмыстан қуылдым. Одан кейін достардың айтуымен героинды тамырға салдым. Денемде жаңа күш пайда болғандай. Әлем көз алдымда жақсарып сала берді.  Сол үшін үйдегінің бәрін саттым.  Героин пайдаланбасам мұрнымнан су ағып, ішім өтіп, сүйектерім сырқырайтын күйге түстім. Содан емделуге келдім.
– Арманың не?
– Емделіп, қатарластарым сияқты үйленіп, бала-шағалы болғым келеді.

Гүлжан ТҰРСЫН