Мықты маманға сұраныс жоғары

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1707
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Отандық медицина адам емдеуде  озық үлгілерді қолдануда. Дәрігер қызметіне жүгінген әрбір емделушінің сапалы ем алуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені,  әлеуметтік маңызы бар сырқаттардан басқа экологияның әсерінен де кесел түрлері көбейгендігі жасырын емес. Еліміздің дәрігерлері соңғы жылдары көптеген аурулар, оның ішінде күрделі оталарды өздері жасап жүр. Тек өте сирек кездесетін ауруларды ғана квота арқылы шетелде емдеу қарастырылған. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа  арнаған Жолдауында халықтың денсаулығын нығайту, сапалы медициналық көмек көрсету жайлы айтып, тапсырма беріп келеді. Осыған орай облысымызда көптеген іс-шара атқарылып, жаңалықтар енгізілуде. 

Мемлекет тарапынан қабылданып отырған бағдарламалар – медицина саласының алтын діңгегі әрі  медицинаның жүйелі түрде дамып келе жатқанының бірден-бір дәлелі.  2016 жылы 15 қаңтарда  ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бекітілгені белгілі. «Денсаулық» бағдарламасын іске асырудағы басты мақсат – халық денсаулығын жүйелі түрде жақсарту.  Бағдарлама аясында  2017 жылы бірқатар іс-шаралар қолға алынды.  Аталған бағдарлама  халық денсаулығына ерекше көңіл бөліп, өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік туғызды. 
Қазір Талдықорған қаласында орналасқан  көпсалалы аурухана республика бойынша сапа жағынан  ең үздік медициналық мекемелердің қатарында. Облыс деңгейінде мұндай мекеменің болуы халықтың медицина саласына деген сенімін арттыруда. Сондықтан, кез келген ауруды ерте анықтау мақсатында мекемелерді медициналық аппараттармен қамтамасыз ету көзделуде. Сондай-ақ,  электронды қызмет көрсету жүйесіне толыққанды көшу мәселесі  алдағы жылдары  шешіледі деп отырмыз.  Жоспар бойынша  2018 жылы барлық мекемелерді компьютермен қамтамасыз ету қарастырылған. Қазіргі таңда интернет жүйесіне облыс деңгейіндегі 18 медициналық мекеме, 19 аудан мен қала ауруханалары, 29 ауылдық аурухана және  216 дәрігерік амбулатория қосылған. Сонымен қатар,   денсаулық саласында медициналық ақпараттарды автоматтандыру үшін және статистикалық мәліметтерді жылдам алу мақсатында медициналық ақпараттық жүйе  енгізіліп отыр. 
Бұл іске қосылған жүйе халық денсаулығының жақсаруына өз үлесін қосуда. Медицинадағы ақпараттық жүйе ем жүргізуде,  диагноз қоюда және квота мәселесін тез арада шешуде үлкен рөл атқарып отыр.  Қазіргі таңда облыс көлеміндегі 511 медициналық ұйым  ортақ ақпараттық жүйеге қосылған.  Талдықорған қаласындағы «Жедел жәрдем»  қызмет көрсету мекемесіне биылғы жылдың қаңтар айынан бастап «Көмек -103» ақпараттық жүйесінің де іске қосылуы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп, тұрғындар өмірін сақтап қалуға  мүмкіндік беріп отыр.
Алайда  медицина саласында әлі шешімін таппаған мәселе баршылық. Соның бірі  – дәрігер мамандардың  аздық етуі.  Бір ғана гинекология саласында 95 маман жетіспейді. Атап айтар болсақ, 26 акушер-гинеколог, 19 неонатолог, 19 педиатр, 31 реаниматолог маман қажет. Десек те,  бала туу көрсеткіші біршама артқан. Әсіресе, бала санының өсімі соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша 26,8 пайызға  өсті. 
Сондай-ақ, бала өлімінің орын алуына көбіне стационарлардың алғашқы көмекті дер кезінде көрсете алмауы, ана мен балаға алғашқы көмек көрсету дайындығының төмендігі себеп болып жатады. Дәрігерлердің білімін жетілдіру, жаңа техникамен қамтамасыз ету, педиатр мамандар санын 77.4 пайыздан 81.5 пайызға көтеру жоспарланған. Мамандарға ұтымды ұсыныстар жасау арқылы реаниматологтар санын 55,7 пайыздан 65,8 пайызға арттыру көзделіп отыр. Алайда туындаған мәселені медицина мекемелерін дәрігер мамандар санымен толықтыру арқылы шешу мүмкін емес. Сондай-ақ,  тұрғылықты халықпен тығыз жұмыс істеу керек. Осы мақсатта енгізіліп отырған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бағдарламасы үлкен маңызға ие.  Өйткені, сақтандыру жүйесінің 2020 жылдан бастап енгізілетініне қарамастан, емханалар қазірден  заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталып, онда жұмыс істеу үшін ең мықты деген мамандармен келісімшарт жасасуға тырысуда.  Ал қазіргі таңда алдымызға қойып отырған басты мақсат –  тұрғындар денсаулығын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту. 

Бауыржан ЫСҚАҚ, 
облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы