Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі

Уақыты: 28.03.2018
Оқылды: 7987
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адам денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Адамдар дұрыс тамақтану сияқты сенімді және тұрақты емдеу құралы туралы ұмытып, ауырып қалса, тез уақытта емдейтін дәрі-дәрмекке жүгінеді.

Ас – адамның арқауы, ағза дене жүктемесінде ғана емес, тыныштық жағдайында да шығындайтын қуат көзі. Дұрыс тамақтану жүрек-қантамыр, асқазан-ішек жолдары, қант диабеті, остеопороз, онкологиялық аурулардың алдын алу, сыртқы орта әсеріне қарсы тұру, ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттыру үшін қажет.
Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шармановтың айтуынша, дұрыс тамақтанбау денсаулықты қолдан бұзумен тең. «Ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін оның денсаулығын анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алған дұрыс. Қазіргі таңда майлы тамақты аз тұтынып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нан және қантты өте аз пайдалану қажет», – деп кеңес береді ол.
Диетологтар күніне 4 мезгіл тамақтанған дұрыс деп санайды. Таңғы ас, түскі ас, түстен кейінгі ас пен кешкі астың арасы 4-5 сағаттан болу керек. Дұрыс тамақтану диетасы бойынша асты күнделікті белгілі бір уақытта ғана ішу керек. 
Салауатты тамақтану және дене белсенділігі, спортпен шұғылдану, күйзеліспен күресе білу, темекі, ішімдіктен бас тарту арқылы салауатты өмір салтын ұстанған жөн.
Әрине, әркім өз денсаулығына өзі жауапты болуы керек. «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. ХXІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», – деген еді Елбасы Н. Назарбаев. Демек, ұлт денсаулығы бейжай қарайтын нәрсе емес. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік.

Ә. ҚУАНДЫҚОВА, 
«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру
проблемаларының орталығы» ЖШС директорының орынбасары