"БЕТПЕРДЕ ҚЫМБАТ": ТІЛШІЛЕР ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ДӘРІХАНАЛАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 18.03.2020
Оқылды: 1014
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласындағы бірнеше дәріханаға рейд жұмыстары жүргізілді. Мақсат – дәрілердің бағасына мониторинг жүргізіп, медициналық бетпердемен қамтамасыз етуді анықтау.

Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаладағы бірнеше дәріхананы аралады.

Көптің сұранысына ие медициналық бетперде мен қолды заласыздандыратын заттар көп дәріхана сөресінен табылмады. Тек Жансүгіров көшесінде орналасқан Орталық дәріханада ғана бір тәулікке арналған медициналық бетперде барын білдік. Бірақ оның бағасының қымбаттығы көпшіліктің наразылығын тудыруда. Бір данасы 700 теңге тұратын бетпердеге деген сұраныс көп. Төрт қабатты бетпердені 8 сағат бойына пайдалануға болады.

Дәріхана қызметкерлерінің айтуынша, медициналық бетпердеге тапсырыс беріліп жатыр. Бірақ тұрғындардан сұраныс көп болғандықтан, келген тауар аз уақыт ішінде өтіп кетеді. Ресми өкілдер ешқандай да алаңдауға негіз жоқ екенін, жақын арада қаладағы барлық дәріхана медициналық бетпердемен қамтамасыз етілетінін айтты.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы