"ҚЫЗУЫ ЖОҚ": ОБЛЫСТЫҢ БАС САНИТАРЫ ДУБАЙДАН ҚАЙТҚАНДАРҒА ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 826
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат БАЙМҰХАМБЕТОВ Талдықорған әуежайына қонған ұшаққа қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Дубай аймағынан ұшып келген қазақстандықтарды қабылдау және орналастыру - азаматтық борышымыз әрі Республикалық штабпен келісілген. Ең бастысы, олардың ешқайсысынан дене қызуы анықталмаған.

Облыстың бас санитарының мәліметінше, 2020 жылдың 11 сәуір күні, кешкі сағат 21-30 да Талдықорған қаласының әуежайына "Шарджадан" (Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әуежай) рейс қонды.

Келген адамдардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары.

Әуежайда күшейтілген санитариялық қауіпсіздік шаралары қабылданды. Борттағы барлық жолаушылар байланыссыз термометрия мен сауалнамадан өтіп, келген жолаушылармен қарым-қатынас барынша азайтылды. Келгендердің арасында температурасы бар адамдар анықталған жоқ, ауру белгілері де болмаған.

Барлық жолаушылар карантиндік стационарларға орналастырылды. Барлық келген азаматтардан зертханалық зерттеулерге материалдар алынды. Карантин аяқталғаннан кейін барлық келген жолаушылар тұрғылықты жеріне жөнелтіледі. Келгендердің барлық жүгі мен жеке заттары, сондай-ақ әуе кемесі, автобустар дезинфекциялау құралдарымен өңдеуден өткен.

- Біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күшейтілген шаралар қабылданды. Нысандарда полиция постары қойылды, тәулік бойы санэпид қызметі мамандары, медициналық қызметкерлер кезекшілікте. Жағдай бақылауда. Барлық адамдарға тыныштықты сақтап, жеке гигиена ережелерін сақтауды өтінемін. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы біз барлық қиындықты жеңеміз! Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар! - деді облыстың бас санитары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"