БІРДЕН ТОҒЫЗ НАУҚАС ШЫҚҚАН ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНА ВИЦЕ-МИНИСТР КЕЛДІ

Уақыты: 15.04.2020
Оқылды: 1397
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан НАДЫРОВ арнайы іссапармен Алматы облысында болды. Алматы қаласына іргелес жатқан облыс аудандарын аралаған ол коронавирусқа қарсы күрес шараларымен танысты.

Өздеріңізге белгілі, оңтүстік аймақта орын алған соңғы оқиғалар баршаны алаңдатпай қоймайды. Алматыдағы және Алматы облысындағы вирус жұқтырған науқастар санының еселеп артқаны дәрігерлік іс-әрекеттерді ширата түсу қажеттігін көрсетіп отыр.

Жұмыс сапарымен жүрген вице-министр Камалжан Надыров Есік қаласына да келді. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өңірдегі індетке қарсы іс-шаралардың қалай жүріп жатқанын баяндады. Ауданда төтенше жағдай тәртіптері қатаң сақталуда. Жолайрықтарға қойылған санитарлық және блок-бекеттер өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқаруда.

Ал аудандық ауруханының жұмыстарымен бас дәрігер Жәмиля Әбеуова жан-жақты таныстырды. Ол ақ халатты абзал жандардың жұқпалы дертті ауыздықтауға бар күш-жігерін сарқа жұмсап жатқанын жеткізді. Олар бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдық танытуда.

Қазіргі ортақ міндет – вирустың таралуын тежеп, аурудың бетін қайтаратын амалдар табу керек екені баршаға түсінікті. Сондықтан, ауруханадағы реттілік пен тәртіпке жіті назар аударылады. Қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер, бетперделер мен арнаулы киімдермен толық қамтамасыз етілген. Вице-министр аудандағы әріптестерінің ұсыныс-пікірлеріне де ден қойды.

Бұдан кейін Түрген ауылы маңындағы «Тау самалы» сауықтыру орталығына бас сұқты. Өйткені, мұнда инфекциялық бөлімнің дәрігерлеріне арналған демалыс бөлмелері жабдықталған. Онда 70-тен астам медицина қызметкері орналасқан. Оларға барлық жағдай жасалған. Сақтық шараларына байланысты дәрігерлер қазір уақытша отбасына жіберілмейді. Ақ халатты абзал жандар осында демалып, осында тамақтанады. Күш жинап, қуат алу мүкіндіктері жан-жақты ойластырылған. Вице-министр ұйымдастырылған бұл жұмыстарға қанағаттанарлық баға берді.

Іс-сапар соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Камалжан Надыров әкімдермен және аудандық аурухана дәрігерлерімен селекторлық жиын өткізді. Карантин кезінде денсаулық сақшыларына жүктелетін ауыр міндеттер туралы тағы бір саралап түсіндірді. Әріптестерін ел басына түскен осынау сындарлы сәттерден сүрінбей өтуге шақырды.

– Ең алдымен дәрігердің ұқыптылығы өте қажет. Бұл істе ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Біздер үшін бәрі маңызды. Өз істеріңізге, өз денсаулықтарыңызға сақ қараңыздар. Өйткені, сіздер сәт сайын науқастармен тығыз қарым-қатынаста боласыздар. Сондықтан, емдеушінің орнына вирус тасымалдаушыға айналып кетпеңіздер. Соны ерекше ескерген жөн, – деді Камалжан Надыров.

Болат МӘЖИТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы