БІРЕУІ ЖАЗЫЛДЫ, ЕКЕУІ ЖҰҚТЫРДЫ: КОРОНАВИРУСТАН СОҢҒЫ МӘЛІМЕТ

Уақыты: 19.04.2020
Оқылды: 933
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарасай ауданындағы Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасынан тағы бір адам коронавирустан жазылып шықты.

Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1959 жылы туған пациент - Қарасай ауданына қарасты "Асыл Арман" тұрғын үй кешінінің тұрғыны. Ол аталған мекенжайда жалғыз тұрады, сондықтан, үй жағдайында ешкіммен байланыста болмаған. Қайталай тапсырған анализінің қорытындысы теріс нəтиже көрсетті. Қазір пациенттің денсаулығы жақсы, шағымы жоқ. Сонымен, Алматы облысында COVID-19 инфекциясынан жазылғандар саны 8 болды.

Өкінішке қарай, аймақта тағы 2 адам жұқтырды. Олар Еңбекшіқазақ ауданының 1991, 1998 жылы туған тұрғындары. Екі азаматтан алынған зертханалық тексеру кезінде олардың анализ нəтижелері оң болып шыққан.

Қазір пациенттер Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының инфекциялық стационарына жатқызылды. Олармен бірге бір үйде 4 адам болғаны анықталды. Аталған азаматтар 15 сəуірден бері үй карантинінде болған. Оларға жасалған COVID-19 вирусологиялық зерттеуі теріс нəтиже көрсетті.

19 сәуір, сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Алматы облысында 41 адам коронавирус жұқтырған. Сегіз адам жазылып шыққан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды