"ЭКОМЕД" КЛИНИКАСЫ БЕДЕУЛІККЕ ҰШЫРАҒАН ЖҰПТАРҒА ЖЕҢІЛДІК ЖАСАЙДЫ

Уақыты: 19.04.2020
Оқылды: 1351
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бала – шаңырақтың асып-тасқан, асыр салған бақыты, көл-көсір қуанышы, үкілі үміті. Осы себепті, бабаларымыз ұрпақ өсіріп, тал егіп, үй салуды өсиет еткен. Алайда бұл қуаныш пен бақыт адам баласының бәріне бірдей бұйыра бермейтіні өкінішті. Балалы болуды жылдап күтіп, жылап-еңіреп жүрген жандар да жоқ емес. Арқаға аяздай батар бедеуліктің себеп-салдарын анықтап, оған қарсы ем-шара жасап, тіпті, болмаған жағдайда «қолдан», яғни, экстракорпоральды ұрықтандыру әдісіне жүгінетіндер қатары да жыл санап артып келеді.

Оған Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 20 мың жұптың осы бедеуліктің «құрығына» ілініп, зардап шегетіндігі дәлел болса керек. Олардың арасында шамамен 8 мыңдай жұптың қосымша репродуктивтік технологияларға, яғни, экстракорпоральды ұрықтандыруға мұқтаждығы анықталған. Бұл басқа әдістердің көмегімен жүктілікке қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда қолданылатындығын айтады мамандар. Жалпы, Қазақстанда бедеулікке шалдыққан некелер жиілігі 15 пайызды құрайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) мұндай деңгейді мемлекеттік проблема деп санайды, себебі, бұл халықтың демографиялық көрсеткішіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді.

Қазақстанда бедеулікті емдейтін алғашқы экстракорпоральды ұрықтандыру зертханасы – «Экомед» клиникасы 1995 жылы сәуірінде ашылған. Сол уақытта клиниканың білікті де білімді кәсіпқой ұжымы еліміз үшін ғылыми жаңалық – денеден тыс ұрықтанған эмбрионды жатырға тасымалдауды сәтті жүзеге асырып, нәтижесінде 1996 жылы 31 шілдеде Қазақстандағы алғашқы «түтікшеден шыққан» бала дүниеге келді. Оның авторы биология ғылымдарының докторы, «Экомед» клиникасының негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова болғаны белгілі.

Содан бергі ширек ғасыр ішінде сан жүздеген отбасында балдай тәтті балапандардың өмірге келуіне себепші болып, үміт отын жағып келеді. Биылғы мерейлі, мерекелі жыл «Экомед» клиникасы желісінің қызметкерлері мен емделушілері үшін ерекше жыл болмақ. Оған клиника желісінің басшылығымен осы мерейтойды атап өтуден, пайдасыз шаралардан бас тартып, оның орнына емделушілерге қайырымдылық көмек көрсетіп, сондай-ақ, көмекке мұқтаж балалар мен мүгедек жандарға қолдау көрсетуге оң шешім қабылдаулары себеп.

- Биыл ел Президентінің Жарлығымен «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Осы жоғары рухани үлгіні басшылыққа ала отырып, еліміздегі ең алғашқы ЭКО зертханасы – «Экомед» бедеулікке ұшыраған, баласы жоқ жұптарға қайырымдылық шараларын жоспарлады. ЭКО жоғары технологиялы әдісіне кететін шығын көлемі аз емес, бұл көптеген отбасылар үшін ем қабылдаудағы шешуші фактор. Осыған байланысты «Экомед» желісінде клиниканың медициналық қызметтеріне қаржылық көмек беретін бірнеше бағдарламалар әзірленді. Жылдың басынан бедеулікті емдеумен айналысатын мамандандырылған клиникалар жоқ аймақтарға шығып, тегін қабылдаулар өткізе бастады. Сонымен қатар, емнің бірнеше кезеңінен өтетін клиника емделушілері үшін қомақты жеңілдік беретін бағдарламалар да іске қосылды, – дейді «Экомед» клиникалар желісінің жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова.

«Бүкіл әлемді пандемия жаулаған уақытта бәріміздің бірігіп және бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз жөн. Біз жағдайдың тұрақталып, жақындарымыздың денсаулығы үшін алаңдамайтын өзіміздің қалыпты тіршілігімізге, қызметімізге қайта ораламыз деп үміттенеміз. Болашақ ата-аналардың армандарын жүзеге асыруға көмектесу үшін бар күшімізді салатын уақыт жақын арада туындайтындығына сенеміз», – дейді мерейтой иелері.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы