"БІР КҮНДЕ БЕС АДАМ": ШЕЛЕК АУЫЛЫНА КҮШЕЙТІЛГЕН КАРАНТИН ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 21.04.2020
Оқылды: 2855
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирус жұқтырушылардың қатары тағы өсті. Іле ауданында - 1, Еңбекшіқазақ ауданында 5 тұрғын COVID-19 инфекциясын жұқтырды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сырқат тіркелген Іле ауданының тұрғыны - бұған дейін ауырған 1967 жылғы пациенттің күйеуі. Ол қазір Қарасай аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды. Онымен байланыста болған 5 адам Іле аудандық орталық ауруханасының карантин бөлімінде.

Ал Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының 5 тұрғынының 4-еуі бұған дейін вирус жұқтырған 2006 жылғы пациентпен бір үйде тұрған азаматтар. Ал 5-ші азамат жіті респираторлық вирустық инфекциямен медициналық көмекке жүгінген. COVID-19 инфекциясы анықталған 5 азамат та Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды.

Сөйтіп, Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 50-ге жетті, ал жазылып шыққандар – 9. Жазылып шыққан тоғызыншы азамат 1950 жылы туған Қарасай ауданының тұрғыны.

21 сәуірден бастап бір күнде бес адамнан коронавирус анықталған Шелек ауылы және бірнеше науқас жатқан Еңбекшіқазақ ауданының орталығы - Есік қаласы күшейтілген карантинге жабылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды