АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАСҚА ТОЛМАҒАН СӘБИЛЕР КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚТЫ

Уақыты: 27.04.2020
Оқылды: 1127
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Алматы облысында коронавируспен ауырудың  бір күнде тағы 11 жағдайы тіркелді. Олардың 10-ы – Іле, 1-еуі – Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, Іле ауданында ауырғандардың барлығы да бұған дейін сырқаттанғандармен тығыз қарым-қатынаста болған.

Еңбекшіқазақ ауданы тұрғынының сырқаты учаскелік дәрігерді үйге шақырып, тексерілгеннен кейін анықталған. Ауырған - 6 айлық бала. Сырқаттармен қарым-қатынаста болған барлығы 44 адам анықталды, олардың барлығы да оқшауландырылды. Бірқатары үй карантиніне алынды. Вирус шыққан үй ошақтары, науқастар тұратын подъездерге дезинфекция жүргізілді. Эпидемиологиялық зерттеулер жалғасады. Сондай-ақ, 25 сәуір күні Алматы облысында тағы 13 адамның жұқтырғаны анықталды. Олардың 9-ы - Іле ауданының, 3-еуі – Қапшағай қаласының тұрғындары болса, 1-еуі Украина азаматы. Олардың ең кішісі - 8 айлық сәби, ең үлкені - 1952 жылы туған. Олармен 39 адамның қарым-қатынаста болған. Байланыста болғандардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.

27 сәуір, сағат 00:05-тегі жағдай бойынша Алматы облысында барлығы коронавируспен ауырған 97 адам тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды