АНА МЕН БАЛА - ДЕМОГРАФИЯ ДІҢГЕГІ

Уақыты: 20.02.2017
Оқылды: 2387
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бірінші байлық – денсаулық.  Денсаулықты сақтаудың 80 пайызы адамның өмір сүру салтына, қалған 20 пайызы дәрігерлер көмегіне байланысты деген тәмсіл бар.  Бұл орайда салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану жайлы шама-шарқымыз келгенше маман кеңесіне сүйеніп, айтып, жазып  жүрміз.  Адам  денсаулығын өзі күтіп, ағзасын  зерттегенде ғана сырқаттың алдын алуға болады. Кеселге шалдықсам дәрігер жанымды алып қалады деген ойдан аулақ болу керек.  Денсаулықты сақтаған  жағдайда генетикалық сырқаттардың алдын алуға болатыны жайлы  дәрігерлер жиі айтады. Сондай-ақ, жүкті әйел  құрсағындағы шарананың дұрыс жетілуіне мән беретін болса, нәрестенің дені сау болып туатыны мәлім. Соңғы жылдары редакциямызға ана мен бала денсаулығына байланысты сұрақ, сауалдар көптеп келуде. Газетіміздің әр санын мұқият оқып, дәрігерлер тарапынан білгісі келетін сұрақтар жолдап, соның жауабын күтіп отырған ағайынның тілегін орындау мақсатында редакциямызға облыстағы ана мен бала денсаулығына жауапты дәрігерлерді шақырып «дөңгелек үстел» ұйымдастырдық. «Ана мен бала – демографияның діңгегі» атты шараға облыстық перинаталды орталықтың директоры Қанат Жұмашев, қалалық емхананың бас дәрігері Ләйлә Омарханқызы, әйелдерге кеңес беру орталығының меңгерушісі Алма Қасенқызы және медицина колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арай  Манарбекқызы, ұстаздар Меруерт Төлеуханқызы, Мәдина Сембайқызы және білімгерлер қатысты. Сұрақ-жауаптан құрылған «дөңгелек үстелде» оқырман көңілінде жүрген көптеген сауалға жауап алғандай болдық.

«Жетісу»:  –  Бала өрбітудің алғашқы сатысы жүктіліктен бастау алады.  Ендеше, бірінші сұрағымыз әйелдер кеңесі орталығының меңгерушісі Алма Қасенқызы, сізге қойылады.  Әйелдер жүктіліктің қай мерзімінде тіркеуге тұруы тиіс? Құрсақтағы сәбидің  ағзасында кесел  байқалған жағдайда қандай көмек көрсетілетіні барысында айтып өтсеңіз. 
Алма Қасенқызы: – Ана мен бала денсаулығын сақтау барысында дәрігерлер  өздеріне қойылған талап негізінде құрсақтағы нәрестенің дамуын қадағалайды. Бала денсаулығының кінәраты  ана құрсағында жатқанда-ақ байқалады.  Сондықтан, шақалақтың жүрек қағысын, жетілуін үнемі назарда ұстаймыз. Шарананың дамуын тексеру барысында кейбірінің жазылмайтын сырқатқа шалдыққаны белгілі болса, жүктілікті үзуге тура келеді. 
«Жетісу»:  – Жүктілікті үзу үшін шарананың денсаулығында кесел барын анық білу  керек. Сіздер тексеру арқылы баланың денсаулығында жазылмайтын кесел бар екенін анық біле аласыздар ма?
Алма Қасенқызы: – Құрсағындағы сәбиінде сырқат белгісі байқалған әйелді «қауіпті топқа» жатқызамыз да, бірнеше қайтара тексеру жүргіземіз. Шаранада генетикалық ауытқудың барына  әбден көз жеткізген соң барып жүктілікті үзу керек деген ұйғарым шығарамыз.  Бала денсаулығында кінараттар кездеспеуі  үшін әйелдер жүкті  болмай тұрып, өздері толық тексеруден өтуі керек.   Ер мен әйелдің  ағзасындағы кем-кетік орнына келгенде ғана  дүниеге дені сау ұрпақ  әкелетінін ұмытпаған жөн. 
«Жетісу»: – Алма Қасенқызы, бүгінде технология дамыды.  Ана мен баланың денсаулығын тексеруге ерекше мән беріп жатқандарыңызды білеміз. Сонда да болса дене, ой кемістігімен туып жатқан нәрестелер бар. Себебі неде?
– Алма Қасенқызы: – Генетикалық тексеруде ағзадағы шарананың жетілуінде ауытқудың бары байқалады. Бірақ, анық диагноз қойылмайды. Тексеру кезінде білінбейтін кеселдер де кездеседі.  Сондықтан, әке-шеше атанғысы келген  қыз бен жігіт өз денсаулығына мән беруі тиіс екенін тағы да қайталап айтамыз. Сондай-ақ, шарананың кеміс болып тууына басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мысалы, ата-ананың өмір сүру салты,  ішімдік ішу, темекі шегу, нашақорлық, радиациялы мекемеде жұмыс істеу.  Сондай-ақ, әйелдің жасы өскен сайын бала көтерудің қаупі артады. Мысалы, 35 жастан асқан әйелден туған баланың ағзасында кемшілік жиі кездеседі.  Бірақ,  қазіргі кезде жас әйелдер де денсаулығында кемістігі бар балалар тууда. Мұның бәрі экологияның бұзылуы мен құрамы дүдамал  азық-түліктің салдары. 
«Жетісу»: – Анаға да, балаға да қауіпсіз болу үшін алғашқы баланы неше жаста көтерген жөн? 
Алма Қасенқызы: –Бойжеткен 21-23 жаста алғашқы баласын дүниеге әкелсе денсаулықта  көп кемістік болмайды. Ағза да сол кезде «пісіп, жетіліп» тұрады. 
Ой-түйін: Сырқаттанушылық құрсақтан бастау алады.  Ендеше, атам қазақтың қызға қырық үйден тыю салуында үлкен мән жатыр.  Кіндігіңді ашпа, табаныңды жылы ұста, сұқ көзден сақтанып жүр деуінің сыры тереңде. Жас келіншекті  шошынып қалмасын деп кешке жақын суға, көрші үйге жалғыз-жарым жібермейтін. Міне, қарап тұрсақ осының бәрі дені сау ұрпақ өсірудің қамы екен. Ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру салтымызды сақтау бүгін де маңызын жоя қойған жоқ. Ұлттық қасиет – дені сау ұрпақ өсірудің кепілі. 
«Жетісу»: – Перзентхана – періштелер үйі. Сәбидің іңгалаған үні тербеткен бұл жердің аурасы да бөлек.  Десек те, осы шаңыраққа  үмітпен кіріп, жанарын жасқа малып шығып жатқан аналар да бар. Оның бірден бір себебі, ана мен бала денсаулығындағы кемшілік. Осы орайда, бүгінгі  күні дүниеге келіп жатқан балалардың денсаулығы алаңдатпай қоймайды. 
Қанат Қалиқанұлы: Дені сау анадан – дені сау ұрпақ туады.  Сондықтан, алдымен ананың денсаулығы дұрыс болуы керек. Қыз шағында білінбеген сырқаттар жүктілік кезінде бас көтереді. Энергетикалық сусындар, күндіз-түні телефонды қолда ұстап жүру де ағзаға зиянын тигізеді. Жас қыздар бала көтерген соң  жаман әдеттер мен телефонды үнемі ұстап жүргенді азайтамыз ғой деп алаңсыз жүреді. Жоқ, зиянды заттар бала көтергенге дейін-ақ ағзаңа қонақтап алады. Сондықтан, бойжеткен сақтық шарасын алдын ала жасағаны жөн. Оның кеселі кейіннен де тие береді. Сондай-ақ,  бойжеткендерде бауыр, бүйрек, жүрек, қаназдық кеселдері  көп кездеседі. Қазір тоғыз, сегіз  айлық балалар іште жатып шетінеп кететін жайттар да бар. Тексере келе баланың жолдасының инфекцияға шалдыққанына көз жеткіземіз. Жолдастың бүлінуінен бала тұншығып, уланып қалған.  Мұның барлығы ағзаға инфекция түсуінен орын алған жағдайлар. 
«Жетісу»:  – Жас аналардың босануы қиындаған көрінеді. Көбі өздігінен босана алмайды дегенді естиміз. Себебін айтыңызшы?
Алма Қасенқызы: – Босана алмайтын себебі, қыздардың көбінің жамбасы кішкентай.  Себебі, жастар спортпен  шұғылданбайды. Жүгіріп, секіріп ойнамайды.  Көбі  кабинеттік жүйеде жұмыс істейді. Таңнан кешке дейін қозғалмайды. Далаға шықпайды. Телефон, планшетке көз алмай телміріп отыра береді.   Жігіттердің де талғамы қызық. Етжеңді, толық қыздарды емес, белі бір уыс, аяғы ұзын қыздарды жақсы көреді.   Содан соң бойжеткен де бозбалалардың талғамынан шығамыз деп сидиып жүргені. Тамақты шектеп тұтынады. Ол аз десеңіз, киген киімдері де тар. Мысалы, джинсый шалбар. Өзі бір уыс жамбасты  одан сайын қысып, өскізбей тастайды. Тамырдың үлкейіп кетуі, яғни, варикоз да қысатын киім кигеннен пайда болады. 
«Жетісу»: – Кесер тілігі неге көп жасалады?  Бұл тәсілмен әйел босандыру үшін мемлекеттен көп қаржы бөлінеді дейді. Босандыруды бизнеске айналдырып алған жоқпыз ба?
Қанат Қалиқанұлы: – Биыл бұрындары кесер тілігі жасалған әйелдердің 67-сі  табиғи жолмен босанды. Бүгінде кесер тілігімен босанатындардың көбейіп отырғаны рас. Оның бірден-бір себебі, әйел-аналардың жамбасының шамадан тыс тар болуы.  Сондай-ақ, босанар сәтте әл-қуатының  азайып кететіндігі. Кесер тілігімен босанған әйел екінші жүктілікке дейін арасы үш жыл уақыт салуы тиіс. Бала құйрығымен келсе міндетті түрде кесер тілігін жасауымыз керек.  Кейбір әйелдің денсаулығындағы кінаратқа байланысты баланы міндетті түрде кесер тілігімен аламыз. Ондай жағдайды түсіндірсең, көнбей өзім босанамын деп тұрып алатын әйелдер де бар.  Мысалы,  ота жасатпаса жатыры жыртылып кету қаупі туындайтын жағдайлар болады.  Ондай кезде шарананы  тілік жасау арқылы алуымыз керек. Себебі, баладан да, жатырдан да айрылып қалу қаупі туындайды. Кейде іштегі баланың салмағы өсіп кетеді. Ондай жүктілікте әйел өздігінен босана алмайды. Нәрестенің жүрек соғысы нашарлағанда шарананы  тездетіп тілік арқылы алуымыз керек.  Әйтпесе, бала бір сағаттан артық уақытқа шыдамайды. «Экомед» жүйесі арқылы босанатындардың балалары міндетті түрде кесер тілігімен  алынуы тиіс. 
«Жетісу»: – Серіктес босану қаншалықты тиімді? Жеңіл босануға септігі бар ма?
Қанат Қалиқанұлы:  
– Серіктес босану тиімді тәсіл.  Мұндай жағдайда  әйел қорықпай, қысылмай жеңіл босанады.  Серіктестікке көбінесе әйелдің анасы мен енесі кіреді. Кейде батырланып ерлер де келетіні бар. Бірақ, әйелі қинала бастағанда  ері тезірек далаға шығып кетуге тырысады. Олардан пайда шамалы. Босанатын кезде дәрігерлер не дейді деп қорқақтайтын келіншектер болады. Сондайда қасында туысы тұрған жақсы. Жалпы адам өзіне қалай ыңғайлы болса, солай босануы тиіс. Әр адам әртүрлі босануды таңдайды.  Біз босанушының ыңғайына қарай бейімделеміз. 
«Жетісу»:  – Ләйла Омарханқызы, жарық дүниеге келген балалар сіздерге тіркеуге қойылып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Сәбилерге  қандай дәрі, ем ақысыз жүргізіледі?
Дәрігер:  – Дәрі-дәрмек барлық сырқатқа берілмейді. Белгілі бір ауруларға ғана таратылады. Біз алдағы уақытта  қандай дәрілердің тегін берілетінін жазып, емхана дәлізіне іліп қоймақшымыз. Ата-аналар барлық дәрі тегін берілуі тиіс деп ойлайды. Содан кейін өзімнің ғаламторлық желімді ашпақшымын. Қала тұрғындарының сұрағы болса, сол сайт арқылы жауап беріп отырамын.  
«Жетісу»:  – Қала тұрғындары балалар невропатологының жетіспейтіндігін айтады. Көп жағдайда баланы  медициналық тексеруден өту үшін ақылы емдейтін невропатологқа апаруға тура келеді. Мұны қалай түсіндіресіз?
–    Ләйлә Омарханқызы: – Талап бойынша 30 мың  тұрғынға екі невропатолог болуы тиіс. Біздің балалар емханасында екі невропатолог бар. Яғни, нормативтік талапқа саймыз.  Көп жағдайда балаларды  невропатологқа жөнсіз жібере береді. Олай болмау керек. Емхананың ішінде  «дені сау бала» кабинеті бар. Онда мамандар бүлдіршіндер ағзасының дамуын қадағалап отырады.  Тексеріс кезінде денсаулығында ақауы бары байқалған бүлдіршінді  ғана маман дәрігерге жіберу керек.  Әйтпесе, педиатр мен психолог дәрігерлер сәбилерді өздері қадағалауы тиіс. Бүкіл бала невропатологтан өту міндет емес. 
«Жетісу» – Дәрігер алдымен алдына келген адамның жан-дүниесіне үңілсе ғой. Сонда сырқаттың сырын білер еді. «Жаны саудың –тәні сау» демекші, барлық кеселдің бастауы көңілдегі алаңдаушылықтан бастау алады. Жақында бір оқырман әңгімесін айтты. Бесінші баланы дүниеге әкелмекші болып дәрігерге барған ол гинекологтан  көп бала туғаны үшін жан ауыртарлық сөгіс естіп шығыпты. Демографияны қолдан шектеп жатқан жоқпыз ба? 
Алма Қасенқызы: 
– Дұрыс, халық санының өскенін біз де қалаймыз. Бірақ, денсаулық қадағалаушылары болғандықтан саннан гөрі сапаны көбірек ойлап жатамыз.  Әр баланың арасы 3 жылдан аз болмауы тиіс.  Өйткені, босанған әйелдің  денсаулығы төмендейді.  Біреудің  бүйрегі, келесінің бауыры, енді біреудің  жүрек ауруы қозады. Соның бәрі қалпына келу үшін  келесі баланы дүниеге әкелгенше екі-үш жыл өтуі тиіс.  Ал, бас салып неге туа бересің деп ұрсу дұрыс емес.  Енді адам болған соң әркімде де кемшілік бар. Біздің  міндет – ескертулеріңізді ескеріп, алдағы уақытта дәрігер этикасымен жүйелі  жұмыс істеу. Бүгінде медицинада денсаулық жөнінде түсінік және кеңес беруге мән берілуде. Емдеу стандарттарына  денсаулық жайлы түсінік беру жүйесі енгізілуде. Болашақта түсіндіру жұмыстарын жүргізу  әдебі жақсаратын болады. Бұл орайда, семинарлар да көптеп өткізілуде. 
Ой-түйін: «Аурудың емі – саудың сәлемі»  деген тәмсіл бар.  Кей жағдайда дәрігерлердің этиканы сақтамайтыны ащы да болса шындық. Төртінші, бесінші сәбиіне жүкті  әйел барса, «неменеге  шұбыртып бала таба бересіңдер?» деп зекитін акушерлер бар.  Егер жағдайы көтерсе, дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп жатса неге таппасқа?! Демографиялық өсуді армандап келе жатқан халықпыз. Дәрігерлерге  әйел-аналарға дөрекі сөйлемеу керектігі қаншалықты ескертіледі? Бұл,  әрине, сырт адамға жұмбақ әлем. Дегенмен, Гиппократ антын қабылдаған дәрігерлер бұл  уәдесін естен шығарып, өрескел мінез көрсететіні қынжылтады. «Тілмен байлағанды тіспен шеше алмайсың» демекші,  әр айтылған сөздің түбінде қайтарымы болатынын ұмытпаған жөн. 
«Жетісу»: – Қазір  кішкене балаларда қан қысымының төмендеп кету кеселі жиі кездеседі. Осындай жағдайда невропатолог-маман үлкен кісілердің дәрісін тағайындайды. Бұрын қан қысымының төмендеуі балаларда  ғана болады деуші еді. Қазір мектеп оқушыларында да жиі кездеседі екен. Себебі неде?
Ләйлә Омарханқызы: – Бүгінде денсаулықты қадағалау, зерттеу мақсатында оқушылар арасында скрининг жүргізіп жатырмыз. Қандай сырқаттардың көп екенін бағамдаудамыз. Бүгінде көз, асқазан, қаназдық  аурулары жиі кездеседі. Оның себебі, баланың таза ауада көп жүрмейтіндігінен. Ұл-қыздарымыз түрлі дәмдеуіштер қосқан құнарсыз тамаққа әуес. Қазір экологияға байланысты үлкендерде болатын аурулардың барлығы жастарда бар.  Инсульт алу, жүрек талмасына ұшырау мектеп оқушыларында жиі кездесуде. Оқушыларға білім беруде жүктеме көп. Оларға түстен кейін  қосымша сабақ оқуды міндеттеді. Ағылшын тілін де жүктеді. Талап көп. Елдің баласынан кем болмасын деп үйде ата-ана, ал, мектепте ұстаздар қыстайды. Сондықтан, мектеп  бағдарламасын қайта қарап, балалардың дене еңбегімен көбірек шұғылдануын назарда ұстағанымыз жөн дер едім.  
Ой-түйін: Қара ормандай қауым болу үшін  ұрпақ мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Ол үшін алдымен керегі – деннің саулығы. «Ана мен бала –демографияның діңгегі» десек, діңгектің  мықты болуы  – дұрыс орналасуына байланысты. Дәрігерлік қадағалау – құрсақтағы сәбидің аман-есен жетілуіне септігін тигізеді. Денсаулық сақшылары жүктілікті жоспарлау мен медицина маманының кеңесіне жүгіну дүниеге келер сәби денінің сау болуына кепіл болатынын айтады.  Ендеше,  қыз-келіншектер, медицинаның жеткен жетістігін пайдаланып, жарық дүниеге  балпанақтай  ұрпақ әкелуді жоспарлаңыздар!

Маман мен білімгер

Мұхаметқали Әділмырза, медицина колледжі емдеу ісі бөлімінің білімгері: 
–Қазіргі таңда балалардың сырқат болып тууына тұқым қуалаушылық пен жүктілік кезінде зиянды заттарды қолдану жатады. Кемтар балалардың дүниеге келмеуі үшін қандай алдын алу шаралары жүргізіледі?
– Ләйлә Омарханқызы:  
– Біздің қолымыздан келетіні тек  ағарту шаралары. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаман әдеттерден аулақ болу керек екенін айтып, көрсетіп жатамыз. Бірақ, адамдардың сана-сезімі бірдей емес.  Мүлде дәрігерге қаралмай, мерзімін өткізіп жүре беретіндер де бар.   Бала көтеру үшін дайындалыңыз деп те айтамыз.  Тіркеуге алынған жүкті әйелдерді көбіне-көп тек қадағалаймыз. Дәрі бермеуге тырысамыз. Одан да таза ауада серуенде,  дұрыс тамақтан деп кеңес береміз.  
Данагүл  Тұрлықожа, емдеу ісінің білімгері: – Соңғы жылдары  тіспен туған балалар бар дейді. Рас па?
Қанат Қалиқанұлы: 
– Тоқсаныншы жылы туған балалар бүгінде ержетіп, дүниеге сәби әкелуде. Сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты екіқабат әйелдерде дәрумен жетіспеушілігі, қан қысымының төмендігі жиі кездесетін. Дені сау анадан – дені сау бала туады. Негізінде 70 жылы туған балалардың денсаулығы мықты болғандығын атап өтуіміз керек. Сол ұрпақ бүгінде ата-апа бола бастады.  Тіс өсіп туу деректері кездесіп қалып жатады. Ол да денсаулықта  ақау болудың салдары. 
Жансәуле Ерасыл, емдеу ісінің білімгері: 
– Жүктіліктің алдында дәрігерге  бармаған жағдайда өз бетімен  денсаулықты қалай жақсартуға болады?
Алма Қасенқызы: 
– Өте дұрыс сауал. Бала көтеруім мүмкін деген ой туса, ең болмаса фолий қышқылын тұтынған жөн.  В-9 дәрумені  сәбізде көп болады.  Қышқылды жүктілікке дейін екі-үш ай, содан соң 12 айға дейін тұтынған дұрыс. Дәрумен ұрықтың, дене мүшелерінің түзілуіне, жүректе ақаудың болмауына  жақсы әсер етеді. Тіпті асперинді сумен ішіп жүрудің  өзі жүктілік кезінде  денсаулықта болатын ақаудың алдын алатынын еске саламыз. 

Гүлжан ТҰРСЫН