ЕКІНШІ ТОЛҚЫНҒА ДАЙЫНДЫҚ: АУРУХАНАҒА ОТТЕГІ СТАНСЫСЫ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 07.10.2020
Оқылды: 1122
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирустың ықтимал екінші толқынына әзір болу мақсатында Алакөл аудандық ауруханасына оттегі стансысы орнатылды.

Осыған орай Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев орталық ауруханаға бас сұғып, жаңа құрылғының қызметімен танысты.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бұл тұрғындар үшін жасалып атқан айтулы дүние. ХХІ ғасырдың қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи құрылғыны орнатып отырмыз. Соңғы оқиғаларға байланысты оттегімен қамту ісінің маңыздылығы еселеп артып отыр. Сондықтан да барлық жағдайға дайын болу біз үшін өте өзекті», - деп, жаңа стансының халық үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

Барлығы 70 нүктені оттегімен қамтамасыз ететін құрылғы 6 баллонды өздігінен толтыруға қауқарлы. Оның 50 нүктесі аудандық ауруханаға кіргізілсе, 20-сы жекелей орналасқан инфекциялық бөлімге тартылған.

Заман сұранысына толықтай жауап бере алатын "АТАSAM/OXL-600" маркалы стансы Түркия мемлекетінде жасалған.

Құрылғы компрессор, кептіргіш, алдын ала сүзгі, ауа цистернасы, медициналық оттегі өндіретін генератор, медициналық оттегі цистернасы, соңғы сүзгі, қысым бақылаушысы сынды бөліктерден тұрады. "Unitronic" маркалы мониторының жұмыс кернеуі 24 DC, мұнда түрік-ағылшын-орыс-араб-парсы қаріптері енгізілген. Қызметін бастаған сәттен 8 кірісі мен 4 шығысы бар оттегі өндірісінің жүйелері жалпы тоқтау уақытын, жұмыс уақытын, өндірілген оттегінің мөлшерін бақылап отырады. Ал оттегінің тазалығы төмендеген жағдайда ескертпе тетігі жанып, мамандардың көмегімен ретке келтіріледі. Өндіріс қуаттылығы сағатына 36 метр куб.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы