СЫРҚАТ АДАМДЫ ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕН БҰРЫН БІРАУЫЗ ЖЫЛЫ СӨЗ ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 07.10.2020
Оқылды: 1326
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Айтып келмейтін індетпен күресте ақ желеңді абзал жандар бір кісідей жұмылдырылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин жариялап, сақтық шараларын енгізуі індетті «ауыздықтап», елдің амандығына айтарлықтай себі тиді. Осы карантиннің нәтижесінде адамдар өз-өздерін қорғауға, жеке гигиенаны сақтауға, жақындарына жанашыр болуға бейімделгені шындық.

Десе де, адамдар арасындағы созылмалы аурулар мұнымен тоқтай қалмағаны анық. Кәрі-жастың ыңқыл-сыңқылы күз мезгілінде де қайта қозғалып, науқасты дәрігерге қарай жетелеуі жиілейді. Цифрландыру дәуірінде дәрігерге бұрынғыдай жүгіріп барып, кезекке тұру келмеске кеткен. Қазіргі жүйеге сай алдын ала жазылып, уақытында дәрігердің қабылдауына кіруге бейімделдік. Дегенмен, күніге берілетін шектеулі уақыттың толып кетуіне байланысты, дәрігерге науқастың алды 3-5 күн, яғни, апталап күтуіне тура келетін келеңсіздіктер аурудың жанына батпай қоймайды. Бұл медицинадағы бір кемшіліктей көрінеді.

Айталық, "Думан" ықшамауданындағы халық саны – 14 520. Оларға "Думан" дәрігерлік амбулаториясының медицина мамандары дәрігерлік көмек көрсетеді. Осы күні 5 дәрігер бар, олардың 3-уі жалпы тәжірибелік дәрігер болса, 2-уі педиатр. Сонымен қатар, 15 мейірбикенің жұмысы өз алдына бір төбе. Шағын медициналық ғимаратта дәрігерлік кабинеттерден бөлек, егу, ем-шара жасау және анализдерді жинау кабинеттері жұмыс істейді.

Дәрігердің алдына келген науқасты дәрі-дәрмектен бұрын, мейірім мен бірауыз жылы сөзі емдеп жататындығын жақсы білеміз. Алдына келген адамға сыпайы қарым-қатынас пен зейін аудару, мұқияттылық таныту – дәрігердің ең басты қағидасы іспетті. Осы деңгейден көрінетін дәрігерге науқастың да ризашылықтан басқа айтары жоқ.

Біз сөз етіп отырған "Думан" ықшамауданындағы дәрігерлік амбулаторияда уақытпен санаспай еселі еңбек ететін дәрігердің бірі әрі бірегейі - Сәуле Бижігітоваға деген көптің көзқарасы дәл осындай!

Осы ауданның тұрғыны болғандықтан жиі бас сұғып қалатынымыз бар. Сондағы байқағыным – ақ самайлы ата-апалардың аузынан Сәуле Қалибекқызына жылы лебіздерін, ризашылықтарын жиі естимін. Себебі, өз мамандығының аса білгірі әрі адамға деген мейірім-құрметі шексіз жанның бойынан атына заты сай жүректерге шуағы мол сәуле төгіліп тұратындай сезіледі. Тумысынан дәрігер болып жаратылғандай жанның жылы сөзімен қатар, диагнозды дәл қойып, науқастың толық сауығып кетуін назардан тыс қалдырмайтын қамқорлығын алдына келген әр азамат жоғары бағалайды. Сондықтан болар, кей кездері кезегінің алыстау болғанына қарамай, қабылдауына кіруді күтеді.

- "Думанға" Алматы облысының әр қиырынан көшіп кеп, қоныстандық. Осы амбулатория ашылғанда қуанғанымызда шек болмаған. Содан бері тапжылмай еңбек етіп келе жатқан дәрігердің бірі Сәуле Қалибекқызын қашанда қарбалас жұмыс үстінен көреміз. Науқастарға, әсіресе, жасы егде адамдарға қол ұшын созудан еш аянып қалмайды. Еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Өте қамқор, жанашыр жан. Гиппократ антына адал нағыз дәрігер деп бағалаймыз, – дейді ақсақалдар кеңесінің мүшесі, зейнеткер Аманкелді Шыңғожаев.

Жыл сайын халық саны өсіп жатқан бұл ауданның шағын медициналық мекемесінде Сәуле Бижігітовамен қатар, жалпы тәжрибелік дәрігерлер Райхан Қуанбаева, Замирам Қасымова, бас мейірбике Шамшинур Ушурова, тәжірибесі толысқан мейірбикелер Ләйлә Нұрбекова, Құралай Нүсіпақынова, жас маман Дәурен  Қойбағаров, шаруа бикесі Бигүл Сүлейменова, тіркеуші Тұрсынхан Молдабаева, Бағила Молдахметова, басқа да өз ісіне адал мамандар халық денсаулығының жақсаруына қалтқысыз қызмет етіп, еңбек сіңіруде. Сондай-ақ, Сәуле Бижігітова сынды білгір дәрігерлерден жас буын тәлім алып, тәжірибелерін толықтыруда.

«Ауырып ем іздегенше – ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтпаған. Дәрігерлік амбулатория мамандарының да басты қағидасы – деннің саулығы, ал ауырып қалған жағдайда – сырқатынан айықтыруды басты жетістіктері санайды. Олай болса, ауырмайық, сау болайық!

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Алматы