ТАЛДЫҚОРҒАНДА КОВИДТІ АНЫҚТАЙТЫН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 08.10.2020
Оқылды: 1552
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада коронавирус пневмониясын ерте және нақты анықтайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Аталмыш аппарат қалалық көпсалалы емдеу мекемесіне өткен жылы қойылған. Қондырғы осы күнге дейін онкологиялық сырқатты анықтауға қолданылып келген. Енді ол коронавирусты анықтау үшін пайдаланылады. Жүйе облыстағы 17 мекемемен цифрлық негізде байланыстырылған.

Алдағы уақытта аталмыш жүйеге тағы 6 мекемеге қосылмақшы. Әзірге жасанды интеллект аппараты облыстың 85 пайызымен байланыс орнатқан. Мамандар жасанды интеллект бойынша тексеру жүргізудің 4 түрлі артықшылығы бар екенін айтады. Біріншіден, індетті ерте сатысында анықтау, екінші – кадр тапшылығын шешу, үшінші – цифрландыру әдісін пайдалану, соңғысы, заманауи аппараттарды салаға енгізу. Пневмонияны анықтау үшін негізінен компьютерлік томография және рентген аппараты пайдаланылады.

Аталмыш жүйе бойынша тексеру компьютерлік томография қызметінен әлдеқайда арзан. Халық тегін тексеріледі. Жүйе жұмысы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылады. Қондырғыны іске қосушы өкіл Ерлан Жәнібековтің айтуынша, жасанды интеллект жүйесі сырқатты бірер минутта анықтап, тексерілушінің уақытты ұтуына мүмкіндік тудырады. Бұл, сырқаттың асқынып кетпеуіне өзінің оңды әсерін тигізбек.

Облыста коронавирустың екінші толқынына дайындық жан-жақты жүргізілуде. Аталмыш жасанды интеллект жүйесі ел бойынша біздің облыста алғашқы болып іске асырылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, аймақта ықтимал екінші толқынға дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен. Коронавирустың алғашқы толқынында жіберілген кемшіліктерден сабақ алған медицина мекемелері қауіптің алдын алу шараларын жасап жатыр. Төсек-орын дайындау, аппараттармен қамту, кадр тапшылығын шешу барысында көптеген шара атқарылуда.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы