ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ ӨРЕСКЕЛ БҰЗЫЛҒАН

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1153
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарына қоғамдық бақылау жүргізген топ жұмыс қорытындысымен бөлісті.

«Қоғамдық тамақтану мен сауда орындары, сұлулық салондары, көлік жуатын және құрылыс сататын жерлердің жұмыстарымен таныстық. Ерекше атап өткім келеді, біз тексеру жүргізген барлық сұлулық салондары карантин талаптарын қатаң сақтап жұмыс істеуде. Киім сататын, көлік жуатын жерлерде де тәртіп бар. Бірақ Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы «Тоғжан» базарында карантин талаптары өрескел бұзылуда», - деді қоғамдық бақылау тобының Алматы облысы бойынша өкілі Дильмира Блац.

Оның сөзінше, аталған базарда 300-ден артық саудагер жұмыс істеуде. Халық өте көп.

- Халық медициналық бетпердесіз жүр. Қоғам арақашықтық жайлы мүлдем ұмытқан. Ертең індетті жұқтырып, ауырса кім жауап береді?! Сондықтан, мен бұл мәселені Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне кіріп, жеткіземін. Мұны тиісті деңгейде шешпесек, халықтың денсаулығына қауіп төнеді, - деді Д. Блац. Сондай-ақ, ол көптеген сауда орындарында санитайзер, антисептик құралдарының жоқтығын атап өтті. Әзірге тек ескертумен ғана шектелген. Бірақ барлық тексеру жүргізілген нысандарды олар қадағалауға алып отыр.

Айта кеткен жөн, қоғамдық бақылау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен елде коронавирус инфекциясы шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде құрылған болатын.

"ҚАЗАҚПАРАТ"