АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ "ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ" МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1468
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус індеті белең алғанда дәрігерлер қауымы халықты аман алып қалуға барынша күш салды. Күн мен түнді алмастыра еңбек етті. Үй-күйлерін ұмытты. Өздері сырқатынан жазылмай жатып, ауруханадағы індетке шалдыққандарды емдеуге асығып, «өміріме қауіп төнсе, ешкімді кінәламаймын» деп қолхат жазып, шығып жатты. Сондағысы халықты індеттен аман алып қалу еді. Оны осы кеселді бастан өткерген бәріміз көрдік, білдік, ризашылығымызды айттық. Ендеше, дәрігерлер барлық марапат, мақтау, қолдауға, табысын арттыруға лайық.

Осыны ескерген Алматы облысының басшылығы дәрігерлер қауымына қаржылай қолдау көрсетті. Табыстарын арттырды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалиасқар Сарыбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының мекемесіне арнайы барып, бірнеше дәрігерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» мерекелік медалін табыс етті. Салтанатты шара барысында Ғалиасқар Төлендіұлы дәрігерлердің  халықты  індеттен аман алып қалудағы еңбегі үшін алғыс айтты.

– Коронавирус бәрімізді «аунатып» тұрғызды. Әр отбасы кеселдің ызғарын сезді.  Сол кезде,  құрметті дәрігерлер, сіздер алғы шепте жүрдіңіздер. Қолдан келген барлық мүмкіншілікті жасап, елді қырылудан аман алып қалдыңыздар. Еңбектеріңіздің қандай жауапты, ауыр екенін ел көрді. Сіздердің еңбекақыларыңыз барлығынан жоғары болуы тиіс. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымы әлі елді алға сүйреп келеді. Ендеше, бұл медаль елдің алғысы деп біліңіздер. Халықтың алғысын алудан асқан бақыт бар ма?!  Еңбектеріңіз жана берсін. Барлық марапатқа лайықсыздар», – деді ол ағынан жарыла.

Бұл күнгі марапаттың бағасы жоғары еді.  Жиналған көпшілік, тілшілер қауымы да  медальдің ерекшелігіне назар аударып, халықтың алғысы бәрінен жоғары екендігін салмақтап, қуанышты көппен бөлісуге асықты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы