ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ЕКІ АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 1062
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тәуелсіздік мерекесіне орай Еңбекшіқазақ ауданында екі бірдей дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бірі – Көктөбеде, екіншісі – Қорам ауылында. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұл – ауыл тұрғындарын қуандырған көзайым жаңалық болды. Енді аталған қос елдімекеннің тұрғындары емді жақыннан алады, дәрігерлердің бақылау мүмкіндіктері арта түседі.

Аудан орталығының іргесіндегі Көктөбе ауылы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Мұнда қоныстанушылардың саны жыл сайын молая түсуде. Содан барып кешегі дәрігерлік амбулаторияның аясы тарыла бастады. Осы жағдайды ескерген аудан басшылары облыс әкімідігіне ұсыныстарын жолдап, жоспар-жобаларын белгілеген болатын. Сол бойынша мемлекет қазынасынан тиісті қаржы бөлініп, оның ойдағыдай игерілуі «Азамат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне міндеттелді. Соның нәтижесінде аталған құрылыс белгіленген мерзімде аяқталып, Тәуелсіздік мерекесінің халыққа арнаған табысының біріне айналды.

Жаңа амбулаторияның лентасын ауыл ардагерлері және денсаулық сақшылары бірігіп қиды. Қазіргі карантин талаптарын сақтай отырып аталған рәсімді халықтық шараға сай етіп ұйымдастырды.

- Тәуелсіздік мерекесі - халқымыздың ұлық тойы. Барлық жетістіктеріміз осы күннен басталады. Тәуелсіздіктің арқасында зор мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Бүгін сондай тағы бір игі істің куәсі болып отырсыздар. Көктөбеде ашылған жаңа дәрігерлік амбулатория енді ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз, – деді Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев.

Бұдан кейін сөз алған «Азамат-Құрылыс» ЖШС директоры Ермек Әметов барша жұртқа құтты болсын айта отырып, жаңа ғимараттың символдық кілтін амбулатория меңгерушісі Рамис Хамзаевқа табыс етті. Жиналған қауым медициналық мекеменің ішін аралап көрді. Барлығы талапқа сай жасақталған екен. Амбулатория күн сайын 50 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Бөлмелер кең, әрі жарық.  Дәрігерге де, емделушілерге де қолайлы жағдай жасалған.  Зертхана да көптің көңілінен шықты. Сөйтіп дәрігерлік амбулаторияның алғашқы жұмыс күні басталып та кетті.

Бұл күні күрделі жөндеуден өткен Қорамдағы медициналық мекеме де аталған жақсы жаңалықты екінші қырынан толықтырды.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы