ШАТТЫҚҚА ШОМҒАН БАЛҒЫНДАР

Уақыты: 28.12.2017
Оқылды: 1158

     Өткен аптада Ақсу ауданы, Жансүгіров кентіндегі жеке кәсіпкер Бидахмет Жаңабайұлы мен Ася Ким аудан аумағындағы аз қамтылған, тұрмысы нашар отбасынан шыққан 100 балаға қайырымдылық көмек көрсетті. Ізгілікті шараға аудан әкімі Әділбек Далбағаев арнайы қатысып, балалардың қуанышымен бөлісті.

 

     Балаларды аудан орталығындағы «Амина» мейрамханасына жинаған кәсіпкер алдымен оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сосын әр балаға дайындаған сый-сияпатын ұсынып, оларға қоғамның қамқорлығын сезіндірді. Соңында балалар өздеріне арнап жайылған дастарқаннан дәм татып, өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре болысып, мерекелік шоудың көрігін қыздырды.
    Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл күйреп, жұмыссыздық етек алғанда Бидахмет Жаңабайұлы мен Ася Ким Алматы қаласына қоныс аударды. Ел қатарлы жұмыс істеп, бизнестің алғашқы баспалдағынан өтті. Уақыт өте келе нарық жағдайына да үйренді. Сол тұста ауылға ат басын бұрып, ағайындарға үлгі болуды ойлады. Сөйтіп, 2009 жылы Жансүгіров кентінен «Амина» атты шағын азық-түлік дүкені мен 15 адамға арналған тамақтану орнын ашты. Келесі жылы 50 адамға арналған кафенің жұмысын жандандырды. Ал 2011 жылы 300 орынға лайықталған «Амина» атты мейрамхана ашып, жұмыс ауқымын кеңейтті. Қазірдің өзінде Жансүгіров кентінде 300 орынды 3, Сарқан қаласында 350 адамға, Сағабүйен ауылында 250 адамға лайықталған бірнеше мейрамхананы ашып, көпке қызмет етіп келеді. Осы арқылы бүгінде 60-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларға ай сайын 50 – 250 мың теңге аралығында еңбекақы төлейді. Сонымен қатар, жыл сайын жағдайы нашар отбасылардың балаларына жәрдемдесуді әдетке айналдырды. Ал ауданда өтетін ауызашар, наурызкөже сияқты мәдени шараларға демеушілік танытып, ауданның  облыс, республика деңгейінде өтетін шараларында қызмет көрсетіп келеді.  
     Жаңа жыл мерекесіне қарай Жансүгіров кентінен бастау алған қайырымдылық іс келесі жылы Сарқан ауданында жалғаспақ.  Олар мұндай көмекті үрдіске айналдыруға ниет етіп отыр.

Қажет АҢДАС.