ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН

Уақыты: 28.12.2017
Оқылды: 2050

    Баланың шат күлкісі мен қуанышына ештеңе жетпейді. Олар үшін әр мереке қуаныш. Әсіресе, Жаңа жыл – былдырлаған бүлдіршіндердің асыға күтетін мерекесі. Осыған орай облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыйлау мақсатында «Айналайын» балалар үйіне барып, бүлдіршіндерді Жаңа жылымен құттықтады.

 

     Облыстық «Айналайын» Балалар үйі – ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балдырғандарды тәрбиелеп, оларды қанаттандырып, жетілдіретін білім мен тәрбиенің ошағы. Мұнда балалардың қуанышы еселене түсуі үшін әр мереке жоғары деңгейде аталып өтеді. Балалар да өз өнерлерін көрсетеді. 
Шара балалардың мерекелік концертінен бастау алды. Бірі би билеп, екіншісі ән айтып өнерлерін ортаға салды. Былдырлаған бүлдіршіндердің әр қимылы тамсандырады. Әсіресе, ұлттық нақыштағы киімдері көздің жа- уын алады. Шараға келген жұрт балалардың өнеріне тәнті болды.  
      Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы сөз алып: «Құрметті бүлдіршіндерім, сендерді Жаңа жылдарыңмен құттықтаймын. Сендер ең бақытты жансыңдар. Сендердің Нұрсұлтандай қамқоршы, мейірбан аталарың бар. Біз де өздеріңдей бала болып, Жаңа жылды асыға күтетінбіз. Өйткені, Жаңа жыл үлкен армандарға бастайды. Аңсаған армандарың орындалып, биік белестерді бағындырыңдар. Бұл ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры.  Сондықтан талапты, өнерлі болыңдар. Тәуелсіз елімізбен бірге өркендеп, Жетісудың мақтанышына айналыңдар. Сендердің  шат күлкілерің мен бақытты балалық шақтарың біз үшін үлкен байлық. Бақытты сәттерің көп болып, жүректерің мейірімге толсын, – деп ақжарма тілегін ақтарып, «Айналайын» балалар үйіне ноутбук, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстады.

Айдар ҚАЛИЕВ.