Жаңа төраға сайланды

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1060

«Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалының кезектен тыс ХХ конференциясының жұмысын партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров ашты. Жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев қатысты. Мәулен Мұқажанұлы партияның аудандық филиалының бұрынғы төрағасы Алимжан Тохтасуновтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты төрағалық қызметінен босату туралы ұсыныс түскендігін, жаңа төрағалыққа Шухрат Нурахуновтың кандидатурасы ұсынылғандығын айтып, дауысқа салды. Партия мүшелері бірауыздан Шухрат Турдахунұлына қолдау білдірді. 

Шухрат Турдахунұлы сөз алып өзіне сенім білдірген партия мүшелеріне алғысын айтып, бірлесе отырып талай биіктерді бағындыруға болатындығын, партияның алдымызға қойған барлық міндеттері тек елдің өркендеуі мен өсуіне бағытталғандығын тілге тиек етті. Келесі кезекте Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды іске асыру жөнінде ойын ортаға салу үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлына сөз берді. Облыстан келген өкіл Елбасы мақаласының мәні мен маңызы жөнінде айтып, болашақ иелерінің жақсы көлік мініп, жақсы үйлерде өмір сүрулері үшін Рухани жаңғырудың қаншалықты қажет екендігін қарапайым мысалдармен түсіндірді. Сонан соң бренд болатын өнім өндіру, яғни ол тек Қазақстан деген мемлекеттен ғана шығатын ұлттық дүние ойластыру керектігін ұсынды. Әлем жұрты мойындайтын құндылығымен бағаланғанда ғана біз өркениетті 30 елдің қатарынан көріне алатындығымызды айтты. 
«Нұр Отанның» әр елді мекеннен белсенділері бас қосқандықтан партияның аудандық филиалы саяси кеңесінің бірінші ашық отырысын өткізу туралы ұсыныс түсіп, саяси бюро құрамына өзгерістер енгізу туралы аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Болатұлы сөз алды. Оның Алимжан Тохтасуновтың орнына Шухрат Нурахунов, Ғайрат Қадыровтың орнына аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Ашировтарды енгізу туралы ұсынысы партия мүшелері тарапынан бірауыздан бекітілді. Сонымен саяси кеңес мүшелерінің жаңа құрамы таныстырылды. Олар –  Шухрат Нурахунов партияның аудандық филиалының төрағасы, Дәулетжан Деменбаев аудан әкімінің орынбасары, Жәнет Керімқұлов «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Мәулен Нұров «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Адылжан Аширов аудандық білім бөлімінің басшысы, Вахидин Амирдинов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, Нұрсұлтан Болатұлы аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі. Саяси кеңес және бюро мүшелерінің жаңа құрамымен құттықтаған төраға конференция жұмысының мәреге жеткендігін хабарлап, партия белсенділерінің жұмысына табыстар тіледі.

Баян МАМЫРБАЕВА.
Ұйғыр ауданы.