Жаңа әкім жұмысқа кірісті

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1261

Қаратал аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы шақырылып, онда Қайрат Бисембаевтың басқа қызметке ауысуына байланысты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес аудан әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру мәселесі қаралды. 

Кезектен тыс өткен сессияда аудандық мәслихаттың депутаттары облыс әкімі Амандық Баталов аудан әкімі лауазымына тағайындауға ұсынған Рақымбеков Рауан Тұрданғазыұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады. Мұнан кейін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өңір активінің жиыны өтті. 
Жиында облыс әкімі Амандық Баталов облыста атқарылып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды.
– Өтіп бара жатқан жыл табысты болды. Өнеркәсіп пен аграрлық салада табысымыз мол. Жалпы республикалық деңгейдегі үлесіміз 4,7 пайызға дейін өсіп отыр. Облыста көптеген Мәдениет ошақтары мен мектеп, спорт кешендері ашылып, ел игілігіне берілді. Нақтырақ айтқанда Салтанат сарайы мен Көрме кешені және Қаратал ауданында ашылған Спорт кешені жайында мақтанышпен айтуға болады, – деп атап өткен әкім осындай жағымды жаңалықтарды саралай келе облыс экономикасының қарыштап дамуында Қаратал ауданының үлесі зор екенін тілге тиек етті. 
– Қаратал ауданы – киелі мекен. Он сегіз әулие, әмбие жатқан жер. Осындай киелі мекеннің ауылшаруашылығы мен өнеркәсібін дамыту аудан әкімінің қызметіне тікелей байланысты. Осы орайда Қайрат Әшірәліұлы барынша жұмыс атқарды, Елбасының саясатын жүргізуде аянбай еңбек етті, – дей келе Қайрат Бисембаевқа алғысын айтып, алдағы қызметінде де абыройлы болсын деген ізгі ниетін білдірді.  
Амандық Ғаббасұлы жаңадан тағайындалған әкім Рауан Рақымбековты өңір активіне жете таныстырып, жас болса да түрлі қызмет баспалдақтарын басып, ысылып, тәжірибе жинақтаған маман екендігін атап өтті.  Жаңа қызметке тағайындалған Рауан Тұрданғазыұлына жаңа міндеттер жүктеді. 
Өңір басшысынан кейін Қайрат Бисембаев облыс әкімі мен аудан активіне алғысын білдірсе, жаңа қызметке кіріскен Рауан Рақымбеков бар күш-жігерін аудан экономикасын көтеруге жұмсап, халықпен тығыз жұмыс істейтініне уәде етті. Келесі кезекте аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы С. Беков пен Бәйшегір ауылының ақсақалы Қ. Әбдікәрімов жаңа тағайындалған басшыға ақ батасын арнады. 
Актив жиынынан кейін облыс әкімі Амандық Баталов дәстүр бойынша жаңа әкімді орындығына отырғызып, жұмысына сәттілік тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.