Айлық қорытындысы шығарылды

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 914

Талғар, Ұйғыр, Ақсу, Іле аудандарының басшылары тазалық жұмыстарын жүргізуге тиісті мән берген жоқ. Бұл туралы облыс әкімдігінде күз мезгілінде өткізілген санитарлық тазалық айлығының қорытынды жиынында айтылды. Шараны облыс әкімінің орынбасары Айдарбек БАЙЖАНОВ жүргізіп, аталған аралықта атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді. 

Дәстүрлі екі айға жалғасатын тазалық айлығы биыл да жалғасын тапты. Атқарылған жұмыстарға баға беру үшін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлері бастаған, бірнеше басқарма, департамент мамандары құрамына кірген комиссия құрылған. Олар қазанның екінші жұлдызынан бастап бекітілген кестеге сәйкес аудандар мен қалалардағы 74 елді мекенді аралап шықты. Аты аталған бірқыдыру аудандарда кемшіліктер назарға іліксе, Жамбыл, Көксу, Райымбек аудандары мен Текелі қаласындағы тазалық деңгейінде оң өзгеріс байқалуда.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың айтуынша, облыс бойынша күзгі тазалық айлығына 600 мыңнан аса адам қатысып, 10 мың тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылған. Әр апта сайын елді мекендерде «Таза сенбілік» күндері ұйымдастырылып, барлығы 12 мың көшет отырғызылған. 
Бүгінгі таңда таза аймақ, қалдықсыз өңір қалыптастыру үшін тәртіп те күшейтіліп отыр. Мәселен, облыстық экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылдың өзінде 130-ға жуық тексеру жүргізіліп, экологиялық талаптың сақталмауы бойынша 276 заңбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, 6 мыңнан аса хаттама толтырылып, оның ішінде елуден аса хаттама бойынша қомақты көлемдегі әкімшілік айыппұл да салынған. 
Жиынды
қорытындылаған Айдарбек Естебекұлы тазалықты өз деңгейінде сақтау үшін де тәртіп керектігін, өңірдің өсіп-өркендеуінің, жайнап-жасаруының аймақ тазалығына тікелей қатысты екенін жеткізді. Ол үшін өңір тұрғындарының арасында санитарлық тазалық талаптарын  салауатты өмір салтын насихаттау мәселесінің басты назарда ұсталуы керектігін айтты. 

Қ. ӘБДІҒАПАР