Балаларға сенім артты

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1099

Ақ көрпеге оранған Алатаудың етегіндегі Бағанашыл ауылында облыстық №1 балалар үйі орналасқан. Ауласы кең, көпқабатты бұл ғимаратта тұл жетімдер мен ата-ана қамқорлығына зәру 3 пен 18 жас аралығындағы 124 бала тәрбиеленуде. Жаңа жыл қарсаңында қамкөңіл балаларды қуантпақ ниетте облыстық мәслихаттың бір топ депутаты арнайы ат басын бұрып, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрмыстық техникалар мен тәттілер тарту етті.

Үлкен залға орнатылған жасыл шырша әсем ойыншықтармен, түрлі түсті шамдармен безендірілген. Мерекелік әуезді әуен, балалардың мультфильм, ертегілердегі түрлі кейіпкерлердің кейпіне енулері құдды ертегілер еліне әкелгендей әсерге қалдырды. Салтанатты түрде жасыл шыршаның шамы жағылды. Жаңажылдық бағдарлама басында балалар үйіне арнайы келген облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов пен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сөз алып, балаларды Жаңа жылдарымен құттықтады.
– Біз де бала болғанбыз, бала күнімізде Жаңажылды асыға күтетінбіз. Жақсы оқуға, үлкен азамат болуға талпынатынбыз. Жарыстарда жүлделі орындар алып, мектептің мақтанышы болу басты арманымыз, алға қойған мақсатымыз еді. Сондай үлкен арманның арқасында     80-ші жылы Олимпиада чемпионы атандым. Бүгінгі күні елімізден әлем мойындаған қандай мықты спортшылар шығып жатқанын өздерің жақсы білесіңдер. Қазір тәуелсіздігіміздің арқасында оқуға да, жаттығуға да мүмкіндік мол. Ертең өскенде сендердің де ел мақтанышы болатындықтарыңа сеніміміз мол, – деді Жақсылық        Үшкемпіров. 
Өз кезегінде облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Мырзабекұлы да балалардың дені сау, оқуда озат болуларына тілектестігін білдірді. 
Сөйтіп, кішкене жүректерге ұялаған қуаныштың ұшқыны мереке мазмұнын арттырды. «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, әуелете ән салып, дөңгелене би билеген балалардың өнері сүйсінтпей қоймады. Жан жылуына зәру балалардың шетінен өнерлі екендіктері бірден аңғарылады.
– Өткен жылдармен салыстырғанда осы үйге тапсырылатын балалар санының кемігендігі байқалады. Біз оған қуанамыз. Елімізде ата-ана алақанына мұқтаж, жаны жабырқаулы бала болмаса, көзін ашпай жатып қиындық көрмесе екен деп тілейміз, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жанболат Әкебайұлы.
Иә, «жердегі бір жетімнің маңдайынан сипаса, көктегі мың періште қуанады» деген екен. Жетімдіктің ауыртпалығын арқалаған балдырғандардың бұл күнгі қуанышы ұзағынан болып, Жаңа жыл жақсылығымен келсін демекпіз.

Ұлбосын ИСАБЕК.

Қарасай ауданы