Құндылықтардың құлдырауы

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1522

Қыруар қаржы, аста-төк тағам, қаумалаған халық. Несін жасырамыз. Бұл бүгінгі тойдың бет-бейнесі. Қазір де бір-бірімен бәсекеге түскен ағайынның бар ойы елдің назарын өзіне аудару. Алайда ешкім де алып алты, жеп жеті болмақ емес. Бағзыдан тартсақ, той-томалақ десе қазақтың тәбеті ашылып тұрады. Торқалы той жасаймыз деп тыраштанып кететіні де көпке аян. Осы төңірегінде түйткілді мәселелерді талқыға салған болатынбыз.

Арнамызды соған қарай бұрмас бұрын, мақаламызға тұздық боларлық бір әңгімені еске түсірсек. Ұлы жазушы, қарымды қаламгер, ойды қысқа берудің хас шебері Бейімбет Майлиннің шығармашылығына қармақ салсаңыз, күршегіңіз бірден қазақтың астамшылығына ілінеді. Ол социализмді  жырға қоса отырып, соның ізімен сол кездегі халықтың ой-өрісін шеберлікпен суреттеді. Қазақтың қараңғылығы шымбайына батса керек. Әр әңгімесін өзінше әспеттеп, ащы мысқылмен жазды. Ішкі күйінішін қалам арқылы жеткізе білді. Бір ғана «Сары ала тон» әңгімесін алып қараңыз. «...Тұтқыш орнынан тұрып барып, Несібелінің қолынан сары ала тонды алды. Олай бір, бұлай бір аударыстырып қарады. Жағасын ұстап тұрып күлімсіреп өкілге бұрылды.
– Бірдеме айтайын дедің бе?
 – Осы тонды киіп ауылды бір қыдырып келсем деймін. 
– Әйда, ки, Тұтқыш!
 – Ки, байдың іші бір күйсін, – деп үйдің ішіндегілер ду күліп, көтермелеп кетті. Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтын медальді төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалбаланған құлақшын. Өзі жайнаңдап жымың-жымың етеді. Аяғын керіле басып, қараша үйдің жанында отырған бай мен бәйбішенің алдынан кесе-көлденең тұра қалды. Бай бір рет қарады да, басын төмен салды. Күйініп кетті...» осы үзіндіде қазақтың жабайы дарақылығын тістене отырып жазады. Жыртық етігі мен тозығы жеткен құлақшынына сол сары ала тон жарасатындай әспенсуі , даңғойлығына риза болуы барлығымыздың күлкімізді келтіреді. Әрине, ол уақытта  теңдік келіп біраз кедей баласының қолы ұзарғаны рас. Бірақ құлдық санадан шықпаған шаруалар сол жыртық етігін хан мәсісімен қатар киіп, кердеңдегені көзге қораш көрінеді. Бұл «семіздікті қой ғана көтередінің кебі». Немесе қолыңа қымбат бұйым түсе салысымен соның буына семіріп, киізкөкірекке салынатын қоғамның кескіні. Жә, бұл баяғыда болған, бояуы кеткен оқиға. Енді кеменің басын жиырма бірінші ғасырға бұрсақ.
Жоғарыда айтылған көріністің баламасы бүгінгі қоғамның санасынан саңлау тапқан. Сары ала тонның буына семірген Тұтқыштар толып жатыр. Бәрі содан шығады-ау. Әйтсе де бір қуантатыны қазақтан кедей шаруа таппайсың. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бәрінің жағдайы оңалған. Шапаны бүтін, түтіні түзу. Бәлкім осыдан да болар маңайына тәкаппарлықпен көз тастайтындар көбейді. Бірінің аяғын бірі шалып, аты озса айып тағып, күншілдік күйігі кеудесінде маздайтын болды. Атағын шығару мақсатында үймелі-түймелі дастарқан жайып, ысырапшылдыққа беріледі. Бір күндік дүрмек үшін байлығын шашып-төгетіндер де көбейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Бір қой болса да сойып, қонақ асын бер» деген ойлы сөзі бар. Осы тағылымды хадиске қарап отырып, ардақты адам өміріндегі атаулы мерекелерді атаусыз қалдырмай, әдеп аясында береке мен бірлікте атап өтудің маңызын айтқандығын көруге болады. Әйтсе де, қазақ жиылған жердің қазанында сорпа тасып, қазы аралас қалған еттің  қызығын қаратөбет көреді. Дарақылықтың шыңына шығып алған қазақ тойынан қасиет кетіп бара жатқандай. «Ысыpапшыл қатынға патша дәулетi де бұйым емес», – деген тәмсіл бар. Бұдан аңғаратынымыз орынсыз төгіп-шашып рәсуалау жақсылыққа апармайды. Қашанда қазақтың той десе бір бүйрегі бұрып тұрады. Бәрімізге белгілі көкейдегі тілектің орындалуы  тойдың көркі. Әр адамның әртүрлі пиғылы бар, біреуі қуанып келсе, біреуі сынап келіп жатады. Дүрілдетіп жасау үшін әлбетте, ең бірінші қалтаның қалыңдығы, екінші көңілдің тоқтығы керек. Кейбірінің тойға дейін шашылып, тойдан кейін ашығып жататындары да сондықтан. Қазақ айтқыш-ақ тағы бір тамаша мақалды мысалға алсақ. «Көрпеңе қарай көсіл». Көбі баласының немесе қызының қызығы, тойы үшін емес, бәсекелестік, бақастықпен істейді де, ертесіне сол шашылған ақшаның орнын толтыра алмай шырғалаңға түседі. Бұл атымтай жомарттық емес, керісінше дарақылықтың дүрмегі. Дәл осы тойдың арты кейде жастардың ұрысына да ұласатыны бар. Қымтап қайтеміз, той десе қу басы домалайтын, барын тойға шашудан тайынбайтын қазақ даңқын асыруға тырысып, ысырапшылдыққа жиі жол береді. Бірақ бұған тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, болмай жатса несие алып, той жасайтын халқымыз әзірге тартынатын түрі байқалмайды. Жасыратыны жоқ, той жасау ат жарыс іспеттес, кім озады мен қаладыға айналғандай. Аста-төк тамақ, гауһартаспен көмкерілген той көйлегі, жылтыраған мейрамханалар, тіпті мейрамханаға дейін кіргізген лимузиндер – барлығы тойыңыздың өзгеше өтуіне қызмет етіп тұрғандай. 
Осы жерде айта кететін жайт бірнеше жыл бұрын тәжіктер, артынша көршіміз қырғыздар, іле-шала өзбек ағайындар аста-төк дастарқан жасап, той жасауға тыйым салды. Қырғыздар жылына миллиардтап сом қаражатты тойға жұмсайтындарын біле сала, той шығындарын қысқарту, той уақытына лимит қою секілді мәселелерді қатар көтерді. Тіпті, Үкіметке тұрғындардың ақшасын желге ұшырмау туралы заң жобасы ұсынылды. Аңдап қарасаңыз ойға сүйек боларлықтай заңнама. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші жағынан салтымыздың сағы сынып, құндылықтарымыз құлдырап барады. Кейде қоғам қарадүрсін соқпаққа түсіп, жүрісінен жаңылып қалып жатады. Бүгінде ұзату тойында қызы әкесімен вальс билеуі дәстүрге айналды. Ежелден қызды шығарып салу тойына әкесі қатыспаған. Бұл дегеніңіз батыстан келген үрдісті елестетеді. Қазіргі тойдың басым бөлігі батыстық бағыттың жадағай көшірмесіндей. Қалыңдықтың той алдында кеш өткізуі, гүл лақтыруы, тіпті қонақтардың бірдей түсті киім киюі де еліктеушілік екені жасырын емес. Халықтың талғамы күннен-күнге өсіп бара жатыр. Кейде ойлайсың, той үстінде «келін шай» рәсімін жасаса тойға келген қонақтар жас келіннің үй шаруасына икемін, іске ебін байқар еді. Сосын бағасын беріп, ақ жол тілейтін. Тарихи шығармаларды оқысаңыз, «қыздарға үкісін таратыпты» деген салт бар. Осыларды неге жаңғыртпасқа?! Иә, ұлттың перзенті болған соң кез келген мерекелік кештерде кездесетін салт-дәстүрлерден қазақтың болмысы көзге көрініп тұрса деп армандайсың.
Үшіншіден, тойдағы таралғының түп төркінін індетіп зерделесек. Торқалы той деп жатамыз. Торқаның негізі мата болса, сол торқа бүгінде біздің емес, өзгенің экономикасына қызмет етуде. Сондай-ақ тойбастарға салынатын ойыншық бұйымдардың да отаны басқа. Қытайдан біздің нарыққа өткен көзбояушы дүниелері қазақты торға түсіргендей. Арзан әрі әдемі. Тойда үлестіретін сапасы сын көтермейтін маталардан киім тіге алмайсың, не бір пәлендей пайдаға да аспайды. Келесі бір томалаққа әзірленіп сандықта жатады. Яғни, маталардың бітірері –  айналымда жүру. Бірде бір ағамыз тойдың шаңын шығарып билеп, жейде ұтып алыпты. Сол жейдені келесі бір жиынға киіп бармақшы болып, ашып қараса жағасы үлкен, жеңі қысқа жеті жасар баланың көйлегі болып шығады. Бұл оқиға бір кездері әлеуметтік желіде үлкен талқыға түскен-ді. Тонын теріс аударғанмен той қазақтың қазынасы. Қазынамызға ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Осы орайда қазақтың көрнекті ақыны Аманхан Әлімнің айтқан сөзі бар-тын. «Қазақ бар жинаған дүние-мүлкін тойда шаша біледі. Ысырапшылмыз. Қаншама ас артылып, қаншалықты шығын кетіп жатады. Ашылып-шашылып жатамыз. Меніңше, мұндай мәселеде жинақылық қажет. Тілек бергенде сағаттап сөйлейтіндер бар. Кіргеннен-кеткенше даңғаза музыка. Дастарқандас болып отырған адамдарыңның өзімен сөйлесіп те, танысып та, табысып та үлгере алмайсың. Бүгінгі той –­ концерттік бағдарламаға айналып кеткен. Адамды демалдыратын классикалық музыка қойылмайды. Қазақтың қасиетті домбырасымен әсем күйлер ойнатылмайды. Ал есесіне атақты әншілерді шақыру міндеттеліп кеткендей. Соның орнына дәстүрлі әншілерді шақырып, шоусыз әдемі өткізуге де болады ғой. Қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі беташар – шоуға айналып кеткені жасырын емес. Бесіктегі баладан тоқсандағы ақ­сақалға дейін сәлем салдырады. Қазақ тойында артық дүние көп. Шашылудың өзінде жөн-жосық болуы керек», – деген. Жөн-жосықсыз шашылып, бей-берекет ысырап етудің алдын алып, тиімді етіп өткізудің амалын жасаған игі. Тойға ұлттық бірлікті бекемдейтін шара ретінде қарап, маңызбен мән берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Түйіп айтсақ. Кейде қонағы үзілмейтін үйдің қазанындай күйіп кететін сәттер болады. Қарашаға қалай болғанда да мәттақамдап жеткізу біздің журналистік міндетіміз. Ол рас, әрбірден соң бүгінде бұқара  сұлулық пен кеспірсіздіктің аражігін айырудан қалды. Әлемде қазақтай қонақжай ел кем де кем. Оған бауырмашылдығын қосып безбендеп көріңіз. Ұлттық тәрбие бесігі тойдан бастау алған халықпыз. Дәстүрден жұрдай, қаны да жаны да, қазаққа тән емес той кімге дәрі, кімге шікірә. Осыны ойлағанымыз абзал. Әдет-ғұрыптың, салт-сананың, өнердің бағын ашатын сәттердің дені той үстінде өмірге келеді. Сондықтан да оның қадірін қашырмағанымыз жөн.

Мұхтар КҮМІСБЕК.