ҚОҒАМҒА КЕРЕГІ - ҰСТАЗДЫҢ БЕДЕЛІ

Уақыты: 08.01.2018
Оқылды: 1195

     Отбасы мен білім ошақтарының, атап айтқанда мектеп, балабақшалардың өзара байланысының тиімділігін арттыру қазіргі заманғы көкейкесті мәселенің бірі. Тұлғааралық қарым-қатынастар, жұбайлар мен ата-аналардың өзара түсіністікпен өмір сүруі, әрине, баланың психологиялық, зияткерлік және әлеуметтік дамуы үшін ерекше әсер береді. 

 

    Білім саласында еңбек етіп келе жатқаныма 39 жыл болыпты. Оның 17 жылын мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде өткерсем, соңғы жылдары балабақша меңгерушісі болып қызмет етудемін. Мұндағы айтпағым басшылық қызмет емес, осы салада еңбек еткен жылдарымдағы ұстаз, шәкірт және ата-ана арасындағы байланыс болмақ.
   Біз де тұлымшағы желбіреп, желкілдеп өскен жасөспірім болғанбыз. Бізге мұғалімнің айтқаны заң болатын. Әке-шешеміз жетектеп мектепке апарғанда «сүйегі менікі, еті сендердікі, тыңдамаса аяма», – деп көзімізді бақырайтып, зәремізді алатын. 
Өз басым «Ұлтуар мен Сақып тәтейлердей мұғалім болсам, биік өкше туфли киіп, сол кісілердей шашымды түйсем», – деп еліктеп өстім. Себебі ол тұста мұғалім мамандықтың ең құдіреттісі болатын! Үлкен кісілер бата бергенде «мұғалім бол» дейтін.         Иә, бұл кеше. Ал, бүгін ше?! Бүгін мұғалімнің мәртебесі күннен-күнге төмендеп барады. Оны төмендететін кім дейсіздер ғой? Әрине бірінші кезекте ата-аналар.
     Соңғы жылдары ауылда да, қалада да, тіпті республика көлемінде мұғалімдерді оқушылардың ұрып кетуі, өрескел мінез көрсетіп қорқытулары, бірдеңе болса ата-анама айтам деп жүйкелерін тоздыратын сәттері жиі көрініс алып, тіпті оған етіміз де үйрене бастағандай. Мектеп оқушылары сабақтағы ұстаз бен шәкірт арасындағы кейбір сәттерді қалта телефондарына түсіріп, ата-аналарына көрсетіп, оны әлеуметтік желілерге салып, көпшілік талқысына тастап жатқан жайттар жиіледі. Бұл тұрғыда кикілжің қандай жағдайда туындағанын елеп-екшемей бірден ұстазды кінәлап шыға келеді.
 Біздер оқуды еңбекпен ұштастырып, кішкентайымыздан мектепте кезекші болып, партамызды тазалап жуып, мектептің түрлі қоғамдық жұмыстарына араласып біте қайнастық. Атап айтқанда, көктемде мал төлдету науқанында сақпанға, күзде жүгері, жуа, қызылша теруге, жазда қырманда үлкендермен бірдей еңбек етіп, жаздай тапқан еңбегімізге мектепке киім-кешек және оқу құралдарын алатынбыз. Әр оқушыға берілетін норма бойынша макулатура мен металлолом да жинап өткізіп, ауылымызды қоқыстан тазартуға септігімізді де тигізетінбіз. Бір сөзбен айтқанда, еңбекпен ержеттік. Содан ешкім жаман болған жоқ. Керісінше, жас кезімізде үйренгеніміз өмірімізге үлкен сабақ болды. Ал, қазір ше? Балаларымыз көбінесе дайын тамақ, таза төсек, бүтін киімге малданып, оның қандай еңбекпен келіп жатқандығына бастарын ауыртпайды. Тіпті, ата-аналардың санасында балаларды жұмсауға болмайды, олардың еңбегін қанау деген ұғым қалыптасып қойған. Бала жығылмай, сүрінбей, құламай тік жүру керек деген де ұғым саналарына қатты сіңіп қалған. Әрине, бұл орайда барлық ата-аналарды кінәламаймын. Бірақ ұстаздарға, мектепке, балабақшаларға кінә тағатын ата-аналар жетіп артылатыны өтірік емес. Оны күнделікті жұмыс барысында кездестіріп те жүреміз.
     Бұрын үлкендер «бала жеті жасқа келгенше жерден жеті рет таяқ жейді», – деп жататын. Талай мәрте жығылып қатты жарақат алғанда әжеміз: «Қай жерге жығылдың» деп сұрап, жығылған жерімізден «жер ұшық» деп ұшықтап жіберетін. Ал қазіргі таңда кейде балалар жығылып бір жерін кішкене сырып алса, кейбір ата-аналарымыз айқайға басып, баладан бұрын бода-бодалары шығып «балам бірдеңе боп қалса қайтемін», – деп жамандықты шақырып жатқандары. Осындай сәттерде ақырын бар жағдайды түсіндіріп, бала емес, бірінші кезекте ата-аналардың өздерін тәрбиелеу керек екендігін айтқанда, түсінетін ата-аналар сабасына түсіп, өздері кешірім сұрап жатады. Бұған да шүкіршілік етесің. 
Жақында бір баланы ауырғанына қарамай балабақшаға әкеп тастаған бір ата-анамен біраз дау-дамай болды. Ыстығы көтеріліп ауырған баланы 2 күн үйде ұстап, үшінші күні ауруханаға жүгінген. Бұған себеп, бұдан біраз күн бұрын балабақшада жығылған, яғни тәрбиеші кінәлі. Сабыр сақтамай, баланың амандығынан бұрын «бала өлгелі жатыр, емдетуге ақша тауып беріңдер» деген анасы және анасының жақын құрбысының тікелей қыспағында қалдық. Ата-ана аудандық ішкі істер бөліміне барып, тәрбиешінің үстінен арыз түсіріп, тергеу амалдары жүргізілді. Тәрбиеші, әдіскер сұраққа алынып, түсініктемелерін берді. Облыстық балалар ауруханасы түсірген МРТ-ның қорытындысы бойынша «бала сау, ешқандай басында ақау жоқ» деген анықтама берілді. Осы берілген анықтаманы дұрыс емес, «менің балам ауырады, қайта түсірем», – деген анасы мен оның құрбысының іс-әрекеттерін көріп жағамды ұстаған жайым бар.
     Тәрбиешінің талай күнгі уайымы, ата-ананың жазықсыз жазалап, бопсалауы жүйкемізді жұқартқаны рас. Бала аман-есен жазылып, үйіне шыққаннан соң, тәрбиешіге тағылған кінәнің негізсіз екенін ескеріп, ата-ананың істеген әрекетіне жауап ретінде, сотқа арыз беруге белді бекем будық. Адам баласы жақсылық жасаса да, жамандық жасаса да өзіне жасайтынын әсте ұмытпау керек. «Пәле іздеген пәлеге жолығады» деп бекер айтылмаған. Біздің осындай қадамға баруымызға өздері итермеледі. Дегенмен араға баланың әкесі түсті. «Апай екі әйелдің атынан Сізден кешірім өтінем. Ешқайда бармаңызшы», – деп өтінді. Кешірім сұрап алдыма үш келді. Бірінші күні «ойланам» деп қайтардым, соңында баланың әкесі түсінігі мол азамат екен, қолынан қолхат берді. Бірақ мен оған ешқайда бармаймын, «алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген сөз бар, кешірдім дедім. Дегенмен баланың әкесіне «бұл жағдайды жәй қалдыра алмаймын, ертең ата-аналармен жиналыс өткізсем, осы жайт туралы мақала жазсам міндетті түрде материалға арқау етемін», – деп ескерттім. Себебі мұндай жағдайлар ата-аналарға ой салуы керек. Үнемі шығармашылықпен жұмыс жасайтын жақсы бір тәрбиешім жақында ғана ата-ананың бұзық баласы үшін, негізсіз түртпегінің кесірінен басқа жұмысқа ауысып кетті.
     Бүгінде дұрыс емес болса да ата-ананың сөзі жөн болып тұр. Өздері балаларына теріс тәрбие көрсетуде. Ертең осыдан зардап шегетін мұғалім емес, ата-ана өздері екендерін түсінсе ғой. Мұндай келеңсіз жайттардың алдын алсақ, қоғамда да жақсы жайттар жалғасын табар еді...
      Тағы бір оқиғаны айтып өтейін. Жақында ғана 11-сынып оқитын немеремнің ата-аналар жиналысына бардым. Жиналыс басталысымен бір ана сынып жетекшісіне «Сіз неге менің балама ұрсасыз. Оған қақыңыз жоқ. Керек пе, мен соңына дейін барамын», – деп салды. Сынып жетекшісі болып жүрген жас ұстаз не дерін білмей абдырап қалды. Бірінші маған қарады, іштей «сіз бұған не дейсіз?» дегендей. Әліптің артын бағып, сабыр сақтап аяғына дейін тыңдадым. Кәдімгідей даусында зіл бар, бұйрық түрінде айтылды. Осы тұста сөйлеудің керектігін, жас ұстаздың сөзін жақтап ата-анаға қарсы уәж айтудың оңтайлы сәтін пайдаланып ақырын байыппен ойымды ортаға салдым. «Ұстаздар алдындағы балалар үшін сіздермен бірдей, тіпті сіздерден де қатты уайымдайды. Олардың бар кінәсі cіздің балаңызға дұрыс оқы, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсыр дегені ме?! Алтын уақыттарын аямай, cіздердің балаларыңызды аялап, түстен кейін сабақтан тыс уақытта тегін қосымша сабақтар өткізеді, рақмет айтудың орнына кінәләп отырсыздар. 11-сыныптың оқушысы «мұғалім ұрысты» деп сөз тасуының өзі ойланарлық нәрсе ғой. Бекерден-бекер ұрыспайтынын, яғни өзінің қандай кінәсі бар екенін ата-анасы анықтау керек қой. 
     Мұғалімнің қосымша өткізген сабағына ақша төлеп отырсыздар ма? Ал, қалада төлейтін едіңіздер. Ұстаздар әрдайым балаларға оқы деп жалынады, ал ертең жоғары оқу орнына барғанда оған ешкім оқы демейді. Бала өзі үшін мұғалімнің артынан жүгіретін жағдайға келеді. Мүмкін сонда мектептегі мұғалімдердің қадір-қасиетін түсінетін шығар» – деп сөзімді қорытындыладым. Осы сөздерімнен кейін жас ұстаз қанаттанып, ата-аналарға жауабын берді. «Мен жалғыз сіздің балаңызға ұрыспаймын, бәріне бірдей талап қоямын. Түстен кейін ақысыз қосымша сабаққа шақырамыз, балаларыңыз келмейді, тіпті сенбі күні де кесте бойынша ҰБТ-ға дайындық бар. Қалта телефонымен ойнап отырады, сабаққа деген жауапкершіліктері төмен», – деді.
     Мұндай жағдайда ұстаз бен ата-ана бірлесіп бала тәрбиесімен айналысқанда ғана оң нәтиже болатынын ата-аналар түсінсе ғой.
     Ескелді атамның: «Екі иығыңда екі періште отырады, біреуі жақсы істеріңді жазады, екіншісі жаман әдеттеріңді жазады. Жаман болсаң тозақ отына түсесің», – деп кішкентайымыздан зәремізді алып, жаман әдеттерден сақтандырып отыратынын сағынышпен еске аламын. Атамның айтқандарын балаларыма, немерелеріме қайта-қайта айтудан шаршаған емеспін. Өз перзенттерімнен басқа балаларға тәрбиенің осы бір тамаша үлгілерін айта бергім келетіні де ақиқат...
А. Макаренконың «Біздің балаларымыз бұл – біздің қарттығымыз. Дұрыс тәрбиелеу бұл – біздің бақытты қарттығымыз. Нашар тәрбиелеу бұл – біздің болашақтағы қайғымыз», деген ұлағатты сөзі барша ата-аналардың ұранына айналса ғой. Сонда ғана ұрпағына білім беріп отырған ұстаздардың беделінің артуына күш салар еді-ау.


 Ғалия Ақбасова,
 Кербұлақ аудандық әйелдер 
 кеңесінің төрайымы,
 Балдырған бөбекжай- 
 балабақшасының меңгерушісі