КЕЛЕЛІ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

Уақыты: 09.01.2018
Оқылды: 1009

     Қарасай ауданына ат басын тіреген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, қарасайлықтармен жүздесті.


    Астанадан келген мейманды аудандық халыққа қызмет көрсету  орталығында қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева мен аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкінбаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек жұмысы бір толастамайтын мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мұнда Әбдіманап Елікбайұлы  орталық қызметкерлерімен пікірлесіп, келушілерден көрсетілетін қызмет сапасы жайлы сұрап білді.
    Осыдан кейін мәжілісмен Қаскелең қаласындағы Сүлейман Демирел  университетінде болып, ұстаздар қауымымен жүздесті. Мұнда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жайында әңгіме өрбіді. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде де, білікті мамандар даярлау ісінде де Президент жүктеген тапсырмалар назардан тыс қалмауы керектігі айтылып, мектептердегі жаңартылған білім мазмұнының артықшылықтары сөз болды.
     Келесі кезекте Шалқар ауылындағы жаңадан салынған орта мектепке арнайы барып, мұғалімдермен, ата-аналармен жүздесті. Қарасай ауданына келу мақсатын түсіндірген Әбдіманап Елікбайұлы жиынжайға жиналған жұртшылықпен ашық әңгімелесті. Ел көлемінде Елбасының басшылығымен жүзеге асырылып жатқан іргелі істер, қазақстандықтардың алдында тұрған маңызды міндеттер жайында келелі ойлар айтылып, бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің алар орны турасында тұшымды пікірлер ортаға тасталды.
    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты аудандағы жұмыс сапарын Шамалған ауылындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында түйіндеді. Мұнда мәртебелі мейманды еңбек ардагері, Елбасының сыныптасы Күләш Әмірова қарсы алып, игі тілектерін жеткізсе, орталықтың директоры Жәмилә Елғандиева мұражай жәдігерлерімен жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде Әбдіманап Елікбайұлы Қарасай жері әрдайым өзгелерге үлгі ретінде айтылатын ерекше аудан екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да өркендеп-өсе беруіне тілектестігін білдірді.

Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы.