ЕРЛІГІ ЕЛГЕ МҰРА

Уақыты: 10.01.2018
Оқылды: 1550

     Ерліктің үлгісіне айналып, елім деп еңіреп өткен батыр бейнесі халықтың жадынан өшпек емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында кесек тұлғалар мен жаужүрек баһадүрлеріміздің есімі елдің жүрегінен орын алып жатыр. Ұрпақтары да ұлықтаудан жалыққан жоқ. Сондай бабамыздың бірі – Солтанбай батыр.

 


    Солтанбай Жәдігерұлы сонау XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста асқан ерлігімен көзге түскен баһадүр. Сондықтан батырға қанша құрмет көрсетсе де артық етпейді. 
    Бір шаңырақтың астына жиналған бір топ ауыл азаматтары Жарлыөзек ауылдық округіндегі Солтанбай батыр бабаның жатқан қорымына барды. Ауыл имамы Құран бағыштап, ұрпақтары рухына тағзым етті. Ақсақалдар мен тұрғындар жоңғар шапқыншылығы кезінде елді-жерді қорғап, жауға қарсы шапқан батыр атамыз жайлы аңыз-әңгімелерін ортаға салды. Ауыл сыртында орналасқан қасиетті жерге күрделі жұмыстар жасалып, ескерткіш ерекше күтілген екен. Солтанбай батырдың 8-ші ұрпағы Сәкен Әсімжановтың айтуынша, ағайын-туыс, ел-жұрт болып, қолдан келгенше әулие бабамыздың қорымына күтім жасалуда.
    Ауыл тұрғыны Дәрібай Байжұманов батыр жайлы біраз әңгіме айтты.
– Солтанбай Жәдігерұлы XVIII ғасырда өмір сүрген. Жалайыр тайпасының мырза руынан. Әулие, көріпкелдік қасиеті болған. Бақтыбай ақынның «Желқобыз» жинағында жоңғар шапқыншылығы кезінде Солтанбай батырдың Жайнақ батырмен қатар қол бастап, жауға қарсы шайқастарға қатысып, ерлік көрсеткені туралы мәлімет жазылған. Ақын Сара да Солтанбай батырдың ерліктерін жырына қосқан, – деді ол.
    Одан кейін Балпықби ауылында волейболдан Солтанбай батырды еске алуға арналған турнир өтті. Жарыс батырдың ерен ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған. Командалық сайыстың жылдағыдан ерекшелігі – үздік ойын үлгісін көрсеткен аудан құрамалары ғана алынады. Волейболшылар бәсекесіне 11 команда қатысты. Сайдың тасындай іріктелген командалар өзара екі топқа бөлініп, шеберлік байқасты.
Шара соныңда ҚР Көркемсурет академиясының ескерткіштер жөніндегі вице-президенті Есет Дәуренбаев пен Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков батырдың ұрпақтарына алғысын білдіріп, бабасына көрсеткен қошеметіне ризашылығын білдірді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтарды табыстап, Алғыс хатпен марапаттады.


Қабыл ИСА