Тәжірибе бөлісті

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1058

Жуырда Кеңдала ауылындағы №38 орта мектебінде «Тәжірибедегі рефлексия» тақырыбында республикалық семинар өтті. Онда мектеп ұжымы жаңартылған білім беру жүйесі бойынша тәжірибе бөлісті. ​

Семинарға «Өрлеу»  БАҰО ҚР Білім беру жүйесінің басшысы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің бі-    ліктілігін арттыратын республикалық институтының аға оқытушысы, тренер Альбина Қуандыққызы, Талғар аудандық білім бөлімінің әдіскері Үрбүбі Жусанбаева, №38 мектептің директоры Салтанат Бекбаева, сондай-ақ, аудан мектептерінің ұстаздары қатысты. 
Семинарда Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Гүлзия Қозыбақова «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы», орыс тілі пәнінен дәріс беретін Алтынай Бурибаева «Ең тиімді спорт түрі», математика пәні мұғалімі Гүлнар Дүйсенбаева «Виет теоремасына есептер шығару», бастауыш сынып ұстазы Ұлболсын Динбаева «Табиғаттағы су, бұлт және тұман» тақырыбында ашық сабақ көрсетті. Мектептің жоғары санатты тәжірибелі мұғалімдері Роза Ақылбекова мен Жаңагүл Бағыбаева коучингтер өткізіп, жаңа бағдарламаның ұтымды жақтарын ортаға салды. Семинар көпшілік көңілінен шықты. Осынау игілікті іс-шараға ат салысқан директордың оқу әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Әсел Байсаринованың еңбегі зор екенін де атай кеткен орынды. 
Аталған шараны мектеп директоры Салтанат Бекбаева қорытындылап, шеберлік сағаттарын өткізген ұстаздарға Мақтау қағаздарын табыс етті. Семинардан түйген ойымыз мынандай: жаңалыққа жатсынбай қарап, күнделікті өмірімізде дұрыс қолдана білсек, ұтымды жақтарының көп екеніне көз жеткіземіз. Білімді елдің болашағы жарқын, жолы даңғыл. Білім жолында талмай еңбектенсек қана биік асуларды бағындырамыз. 

Мұрат ШҰЛҒАУБАЕВ,
№ 38 орта мектептің география пәні мұғалімі
Талғар ауданы.