ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР МЕН МЕКЕМЕЛЕРГЕ ЖЫЛУ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

Уақыты: 01.10.2020
Оқылды: 1024
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ауа райының суытуына байланысты Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, жылыту маусымын белгіленген мерзімнен ертерек бастау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, Талдықорған қаласының жылу жүйелері мен желілері қысқы мерзімге 100 пайыз дайын.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, жылу бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға беріледі. Балабақшалар, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері 30 қыркүйектен бастап жылытылып жатыр. Ал тұрғын үйлерге жылу 2 қазаннан беріле бастайды.

Жалпы Талдықорғанда орталық жылыту жүйесіне қосылған 82 бюджеттік мекеме мен 753 көпқабатты тұрғын үй бар. Облыс бойынша биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына бюджеттен 15,9 миллиард теңге қарастырылған.

Естеріңізге салар болсақ, Алматы облысында жылыту маусымы жылда 15 қазаннан басталатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"